Орыс православ шіркеуінің епископы Диодор (Исаев) священник Георгий Сухобокийді баспа бөлімі жетекшісі қызметінен алып тастады. Бұл жөнінде Ульянов облысының Мелекес епархиясының баспасөз хатшысы хабарлады. Оның алдында священник әлеуметтік желіде оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйды құттықтауға дайын екенін жазған. Священник Навальныйға Сахаров атындағы сыйлық берілуі туралы жаңалықты қайталап басқан.
"Бұрын оны сынайтынмын, бірақ бүгін оның қолын қысуға даярмын" деп жазды ол. Осының өзі шіркеу басшылығынан сын-ескертпе алуыма жеткілікті болды деді Сухобокий.
Жазбадан кейін оған епископ хабарласып, "тағы да бүкіл Ресейді арандатып, органдардың назарына іліндің" ("Навальный, повальный, Украина, тебе это всё зачем? Тобой заинтересовались, возрадуйся!" деген) деп сөккен. Маған сендей баспасөз хатшысы керек емес деп айтқан. Шіркеудің екі өкілінің әңгімесін Навальный штабы жақтастары YouTube-те жариялады.
"Идель.Реалии" редакциясына (Азаттықтың Орыс қызметінің жобасы) берген сұхбатында Диодор священникті қызметінен алуға жазба емес, басқа жайт себеп болды деп айтқан.
33 жастағы Сухобокий епархияда 2017 жылдан бері жұмыс істеген. Оған дейін алты жыл Қазақстанда Астана және Алматы епархияларында баспасөз хатшысының орынбасары болған. Епископпен әңгіме ауанына қарағанда, Навальный туралы пост жазған священник басшылықтың назарына алғаш рет ілігіп отырмағанын аңғаруға болады. "Қазір Орыс православ шіркеуінде сөз бостандығы жоқ" деді ол Tik-Tok желісінде.