Украина зауыт ашып, барлау және соққы беру мақсатында пайдаланылатын Bayraktar дронын құрастырады. Украинаның Түркиядағы елшісі Василий Боднар Азаттықтың Украина қызметіне берген сұхбатында осылай деп мәлімдеді.
Оның айтуынша, ұшқышсыз басқарылатын аппарат тұрағы мен оларды жөндейтін орталық салу үшін қазір жер телімін бөлу мәселесі қарастырылып жатыр. Оған қоса, Украинада Bayraktar дронын құрастыру жұмыстары да қатар жүріп жатыр.
"Украина Қарулы күштеріне қажет және үшінші елге де жеткізілетін ұшқышсыз аппаратты нөлден бастап құрастыру жөнінде айтып отырмын. Өзгелерді шатастырмас үшін жұмыс басталатын нақты мерзімін айта алмаймын, бірақ жұмыс қызу жүріп жатыр, оған бірнеше ай кететіні анық" деді ол.
Василий Боднардың сөзіне қарағанда, ұшқышсыз аппаратқа қазірдің өзінде өзге елдер, арасында Қырғызстан да бар, қызығушылық танытып отыр. Түркияның аппаратты құрастыру қуаты артып толған, сол себепті Анкара қосымша өндіріс қуатын қосып, жаңа нарық игеруге ұмтылады.
Украина түрік тарабымен Bayraktar дронын сатып алу жөнінде келісімге 2019 жылдың басында қол қойған. Зымыран 12 мен 24 сағат аралығында әуеде қалықтап тұра алады. Радиусы сегіз шақырымдағы нысандарға жоғары дәлдікпен бомба тастай алады.
Қазан соңында Украина армиясы аталған дронды Гранитное елдімекеніндегі артиллериялық нысанға соққы беру үшін пайдаланған. Киевтің айтуынша, ол жақтан украин позицияларына шабуыл жасалған.
Украинаның түрік дрондарын пайдалануына Франция мен Германия алаңдаушылық білдірген. Германия СІМ-нің айтуынша, қақтығыс аймағында тек ЕҚЫҰ дрондары ғана ұша алады. Ал Bayraktar аймақта ұша алатын аппараттар тізіміне енбеген.
21 қазанда Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы Қамшыбек Тәшиев Түркиядан Bayraktar дронын сатып алғысы келетінін айтқан. Бірақ аппарат саны мен құнына тоқталмаған.