Нұр-Сұлтанда әйелдердің бұрынғы зейнет жасын қайтаруды талап еткен акция өтті

Әйелдердің зейнет жасын бұрынғы қалпына келтіруді талап еткен акция. Нұр-Сұлтан қаласы. 7 қараша 2021 жыл

Бүгін, 7 қарашада Нұр-Сұлтандағы еңбек министрлігі алдына бір топ әйел зейнет жасын төмендетуді талап етіп, акция өткізді.

Олар "Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай әйелдерге рақымшылық жариялансын! Әйелдер бұрынғыша 58 жаста зейнетке шығарылсын!" деген жазуы бар плакаттар ұстап тұрды.

Наразы әйелдердің акциясын екі автобуста отырған арнайы жасақ пен полиция бақылады. Есіл ауданы әкімдігінің өкілі акцияның заңсыз екенін бірнеше рет ескертті.

Наразылыққа қатысушылардың бірі Кенжеш Сембаева акция туралы әкімдікке алдын ала хабар бергенін, бірақ әкімдік рұқсат етпегенін айтады.

- Заң бойынша әкімдікке ескерттік. Рұқсат бермесе де шықтық, себебі митинг болатыны туралы әлеуметтік желіде хабарлап қойғанбыз. Елуден астам адам келетін болған. Полицияны жексенбіде жиналғанымыз қатты алаңдатқан тәрізді,- дейді ол.

Акцияға алты адам қатысып, бір сағатқа жетпей тарқады.

Әйелдердің зейнет жасының ұлғайғанына наразылық білдірген бұл топ 1 қазанда да осыған ұқсас плакаттармен шыққан еді. Ол жолы еңбек министрлігінің өкілі арнайы жұмыс тобын құрып, әйелдер талабын талқылауды ұсынған.

Зейнет жасын төмендетуді талап еткен әйелдер қозғалысын ұйымдастырушылардың бірі Майкен Бекарыстанова өткен айдағы уәде сөз жүзінде қалды дейді.

- Бізбен ZOOM платформасында министрдің бірінші орынбасары Ақмади Сарбасов кездесті. Бірақ бізге сөз бермей, өзі сөйлеп кетіп қалды. Жұмыс тобы да құрылмады. Парламентке, бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевқа, "Қазақстан халық партиясына" хат жолдадық. Тек еңбек министрлігінен "зейнет жасы төмендемейді" деген жауап алдық. Күресімізді тоқтатпаймыз, -дейді Майкен Бекарыстанова.

Қазақстанда 2018 жылдан бастап ерлер мен әйелдердің зейнет жасы теңестіріле бастаған. Заңға сәйкес, 2027 жылдан бастап әйелдердің зейнет жасы жыл сайын жарты жылдан көбейеді. Бұрын әйелдер 58 жаста шықса, енді 63 жаста шығатын болады. Ал ерлер зейнетке бұрынғыша 63 жаста зейнетке шығады.