Қарындасы: Арон Атабек әлі реанимацияда, жағдайы оңалмай жатыр

Диссидент ақын Арон Атабек.

25 күннен бері ауруханада жатқан диссидент ақын Арон Атабек әлі реанимацияда, жағдайы бір қалыпты ауыр. Бұл туралы Азаттыққа оның қарындасы Рәзия Нұтышева хабарлады.

– Жағдайы бір қалыпты. Әлі реанимацияда жатыр. Әлі комада. Кішкене оянады, бірақ жағдайы жақсармай жатыр. Дәрігерлер жағдайы бірқалыпты ауыр деді. Оны жақында невропатолог, нейрохирург қараған. Бұлшықеті жоқ. Қаншама белок құйып жатыр. Сіңбейді. Салмақ қоспай жатыр. Әлі трубка арқылы тамақ ішеді. Тамыр арқылы құйылады. Әбден өлейін деп қалған кезде босатып отыр ғой. Коронавирусы азайған дейді, бірақ өкпесін түсіру үшін басқа жаққа ауыстыру керек екен, себебі клиникада ондай құрылғы жоқ. Жасанды тыныс аппаратымен демалып жатыр. Оны алып тастаса, бірден тынысы тарыла бастайды. Қан қысымы төмендеп кетеді, – деді Рәзия Нұтышева.

Оған туыстарын әлі жібермейді. Жақындары тек дәрігерлерге хабарласып, Арон Атабектің жағдайын біліп отыр.

Биыл 1 қазанда Павлодар соты 2006 жылғы "Шаңырақ оқиғасынан" кейін 18 жылға сотталған Арон Атабектің қалған жаза мерзімін бостандығын шектеу жазасына ауыстырып, ақынды "денсаулық жағдайына байланысты" түрмеден шығарған.

Арон Атабек бостандыққа шыққан соң Азаттыққа сұхбат беріп, 21 қыркүйекте оқыс құлап, басын жарғанын, содан кейін Павлодар ауруханасында он күн кісендеулі күйі төсекке танылып жатқанын мәлімдеген.

Ұзақ жылдардан бері өзін толық ақтауды талап еткен диссидент ақын биліктің өзіне білдіртпей, Павлодардағы ауруханадан тікелей әуежайға апарып, Алматыға баратын ұшаққа салып жібергенін айтқан.

Бостандыққа шыққаннан кейін туыстары Арон Атабектің халі нашарлап Алматыдағы ауруханаға жеткізілгенін, бірақ оның ауруханаға жатудан бас тартқанын хабарлаған. Ол осыған дейін пробация бақылауында болған кезде тұратын мекені ретінде белгіленген Алматыдағы қарындасының үйінде тұрған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Концлагерьде ұстаған ба?" Түрмеден шыққан Арон Атабектің суреті көрген жанды шошыттыАрон Атабек: Ауруханада он күн кісенделген күйі жаттым"Соңына дейін шайқасамын". Түрме азабы әлсіреткен Арон Атабек күресін тоқтатпайтынын айтадыАрон Атабек: Мен - қазақтың самурайымынАлматыда белсенділер Арон Атабекті қорғау комитетін құру жөнінде бастама көтерді