Министр "АрселорМиттал Теміртаудың" қауіпсіздік ережелерін үнемі бұзатынын айтты

"АрселорМиттал Темиртау" компаниясы шахтерлары ереуілде отыр. Архивтен алынған сурет.

Төтенше жағдай министрлігіне қарасты мекеме қызметкерлері "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының өндірістік нысандарында қауіпсіздік ережелері сақталмайтынын бірнеше рет анықтап, шара қолданған. Алайда соттар нысанның жұмысын тоқтату туралы өтініштерді орындамай, тек айыппұлмен шектеледі. 12 қараша Сенатта өндіріс орындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесіне арналған жиын кезінде Төтенше жағдай министрі Юрий Ильин осылай деп мәлімдеді.

"Инспекторлар тау-кен жұмыстарымен байланысты қауіпсіздік ережелерінің жүйелі түрде бұзылатынын, көмір қабатын алдын ала газдан тазарту, кейбір бөлікте метан концентрациясын автоматты түрде анықтау жүйесінің жоқтығы сияқты жайттарды тұрақты түрде анықтап келеді. Тексеруден кейін сот органдарына көмір шахталарының қауіпті аймақтарында жұмысты тоқтату бойынша шағым жіберілді. Алайда іс жүзінде сот қауіпті аймақтарда жұмысты тоқтату туралы өтінішті мақұлдамайды, тек әкімшілік айыппұл салады" деді Юрий Ильин.

Оның айтуынша, айыппұл көлемі де тексерілген субъектінің ірілігімен салыстырғанда мардымсыз. Бұл олардың қауіпсіздік ережелеріне жүрдім-бардым қарауына апарып соқтырады. Іс жүзінде кәсіпорынға қауіпсіздікті сақтаудан гөрі айыппұл төлеу тиімдірек болып отыр. Компанияның заңға сәйкес қажетті дәрежеде жауапқа тартылмауы алдын ала шараларын жүзеге асыру ісіне де кері әсер етіп отыр деді министр.

7 қараша, таңғы сағат сегіз шамасында Қарағанды облысы Абай қаласында "АрселорМиттал Теміртау" компаниясына қарасты шахтада газ жарылған. Апаттан алты адам қаза болып, екі адам ауыр жарақатпен ауруханаға түсті. Апат кезінде шахтада 64 адам болған, 56 адам өз бетімен шахтадан шыққан.

Бұған дейін компания басшылығы Азаттықтың "газ неден жарылды?" деген сұрағына нақты жауап бере алмады. Олар "Абай" шахтасы қазіргі заманғы құрал-жабдықпен қамтамасыз етілгенін хабарлаған. Компания өкілдері зардап шеккен әрбір отбасымен сөйлесіп, көмектесетінін де мәлімдеген.

Апаттан кейін оқиғаға түсініктеме берген министр Юрий Ильин биыл мамыр айында Қарағанды облысы өнеркәсіп қауіпсіздігі комитеті "Абай" шахтасының жұмысын тоқтату жөнінде экономика сотына талап-арыз жібергенін айтқан. Онда электр құралдары мен тыныс аппараттарын пайдалану ережелерін бұзу секілді көптеген талаптар айтылған. Министрдің сөзінше, осы ескертулерден кейін кемшіліктер түзетіліп, шахта жұмысы жалғасқан.

"Абай" шахтасындағы ең ірі апат 2008 жылы болған. Ол кезде 30 адам опат болып, 14-і жараланған. Жарылыс кезінде 191 адам жер астында болған. 30 кенші сол жерде көз жұмған. Апат салдарын жою кезінде құтқарушылар апаттан көз жұмған жеті азаматты жер бетіне алып шыққан. Ал қалған 23 кеншіні іздеу жұмысын тоқтатып, шахтаны газ өтпейтіндей етіп жауып тастау туралы шешім қабылданған.

Ірі металлургия комбинаты мен Қарағанды облысындағы бірнеше шахтаны басқаратын "АрселорМиттал Теміртау" – әлемдегі ең бай адамдардың бірі Лакшми Митталға тиесілі компания. Компания қоршаған ортаға зиян келтіргені үшін көп сыналады, металлургия комбинаты мен шахталардың жұмысшылары еңбек шарттары нашар деп жиі шағым айтады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Абай" шахтасында жараланғандар реанимациядан шықты, "АрселорМиттал Теміртау" көп уәде берді "Абай" шахтасында тағы да апат болып, алты кенші көз жұмдыШахтадағы еңбек. Денсаулығынан айрылған кеншілер моральдық өтемақы талап етедіМинистрлік: "АрселорМиттал" қоршаған ортаға 1 млрд теңгеден астам зиян келтіргенҚарағанды маңындағы шахтаның жұмысы өрттен кейін тоқтады