Ақтөбеде Ресей нөмірлі көлік иелері тағы наразылыққа шықты

Ресейлік нөмірмен жүрген көлік иелері құрған ынталы топ мүшесі Еркебұлан Құлбасов. Ақтөбе қаласы, 13 қараша 2021 жыл.

13 қараша күні Ақтөбеде ресейлік нөмірмен жүрген автокөлік иелері көлік құнынан асып түсетін утилизация алымын түбегейлі жоюды талап етті. Автокөлік сататын базар маңына жиналған 40 шақты адам Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа видеоүндеу жолдап, көмек сұрады.

- Зауыттан шыққанына 18 жыл болған қозғалтқышының көлемі 4,6 болатын Lincoln Aviator көлігін Ресейден 2 млн 700 мың теңгеге сатып алдым. Оған қазақстандық нөмір алу үшін тек утилизация алымына 4 млн 250 мың теңге төлеуім керек екен. Көлік бағасынан екі есе көп алымды төлемеймін! - дейді ресейлік нөмірмен жүрген ақтөбеліктердің бірі Еркебұлан Құлбасов.

Наразылар Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдаған видеоүндеуінде көліктерін жеңілдікпен тіркеуді сұрады. Оған қоса, Ресей мен Қазақстанда тіркелмеген, бірақ көрші мемлекеттің нөмірімен жүргені үшін айыппұл тұрағына қамалған көліктерді босатуды талап етіп отыр.

Оқиға орнына ресми орындардан ешкім келмеді. Полицияның бірнеше көлігі шараны сырттай бақылап тұрды. Бірақ наразылардың жанына бармады.

Ресейлік нөмірмен жүрген жүз шақты ақтөбелік 9 қараша күні облыс әкімдігінің жанына жиналған болатын. Сол кезде құрылған ынталы топ сенбі күні наразылардың талабын қағазға түсіріп, қол қойғызып алды. Өздері «петиция» деп атаған құжатты ақтөбеліктер Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, сенат пен мәжіліс төрағаларына, Ақтөбе облысының әкімдігіне жолдамақ.

Қарай отырыңыз: Ресей нөмірімен жүрген көлік иелері Ақтөбеде де наразылық өткізді (9 қараша 2021 жыл).

Your browser doesn’t support HTML5

Ресей нөмірімен жүрген көлік иелері Ақтөбеде де наразылық өткізді

Қазақстанда шетел нөмірімен жүрген көліктерге байланысты мәселе бұрын да көтерілген. Армениядан көлік әкеліп, Қазақстанға тіркемей жүргендерге 2019 жылы жаппай тексеру басталғанда жүргізушілер осыған ұқсас талап айтып, Қазақстанның әр өңірінде наразылыққа шыққан. Содан кейін билік оларға "рақымшылық" жасап, Армения, Қырғызстан, Ресейден әкелген көліктерді 2020 жылдың 1 ақпанынан бастап уақытша тіркеуге қойып, арнаулы сары нөмір берген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Ресей нөмірін таққан көлік жүргізушілері Нұр-Сұлтанда наразылыққа шықтыАлматыда шетелден көлік алғандар утилизация алымын азайтуды талап еттіАймақтан келген жүргізушілер биліктен шетелдік көліктерін тіркеуге жеңілдік талап етті "Көліктің көбі ескі". Шетелдік автоны уақытша тіркеу де машақатқа айналдыШетелден алған көлікті тіркеу дауы ушықты. Жүргізушілер неге наразы?