Александр Лукашенко қағаз жүзінде Еуропаға газ тасымалын тоқтату жөнінде бұйрық бере алады, бірақ бұл транзит дәлізі жөнінде келісім-шартқа қайшы. Ресей президенті Владимир Путин "Москва. Кремль" бағдарламасы кезінде арна тілшісіне солай деп мәлімдеді. Путин "мұндай нәрсе жақсылыққа апармайды" деп атап өтіп, мәселені Лукашенкомен талқылайтынын жеткізген.
Александр Лукашенко 11 қарашада ЕО-ның Минскіге қарсы санкциясына жауап ретінде Беларусь арқылы Еуропаға жүк пен газ тасымалдауды тоқтататынын айтып қоқан-лоқы жасаған.
"Бұл (газ тасымалдау) Еуропаның энергетика секторына ірі шығын әкелері анық, транзит ел ретінде Беларусьпен қарым-қатынасымыздың дамуына да септеспейді. Шынымды айтайын, бұл туралы бірінші рет естіп отырмын, соңғы уақытта Александр Григорьевичпен екі рет сөйлескенмін, ол маған бұл жөнінде тіпті меңзеген де емес" деді Путин.
Ол сонымен бірге Ресейдің Беларусь пен ЕО шекарасындағы миграция дағдарысына қатысы жоғын айтқан. Оның айтуынша, шекарадағы мигранттарды ресейлік әуе компаниялар жеткізбеген. Еуропа шекарасына ол адамдарды "белгілі бір топ" бағыттап жатыр, ал оған мүдделі топтар Еуроодақтың өзінде отыр деп санайды.
Ресей президентінің пікірінше, мәселе Беларусь пен Еуроодақ мүддесіне сай шешілуі тиіс.
Путин Александр Лукашенко мен Германия канцлері Ангела Меркельдің Еуроодақ шекарасындағы көші-қон дағдарысы мәселесін "өзара талқылауға дайын" екенін де жеткізді.
"Алдағы уақытта бұл жүзеге асып, Еуроодақпен тікелей байланыс орнатудың орайы келеді деп үміттенемін" деді Путин.
Өткен аптада Ангела Меркель шекарадағы дағдарысқа байланысты Владимир Путинге екі рет хабарласып, мигранттарды ЕО-ға қарсы қоюды "адамдыққа жатпайтын тірлік" деп атап, "гибридтік шабуылды" айыптаған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Лукашенконың көздегені не? Еуроодақ не істей алады? Түсіндіреміз