"Болашақты ойласақ, атом станциясының құрылысына байланысты нақты шешім қабылдауымыз керек". Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл сөзді бүгін, 19 қарашада қаржы секторының өкілдерімен жүздесуде айтқан.
Аkorda.kz хабарына қарағанда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдағы резиденциясында қаржы секторының өкілдерімен кездескен. Жиынға президент әкімшілігінің басшылары, мемлекеттік органдардың, ірі қаржы құрылымдары мен банктердің басшылары қатысқан.
Жиын кезінде Қасым-Жомарт Тоқаев атом энергетикасын дамыту, атом электр станциясын салу мәселесіне тоқталған.
– Қазақстанда электр энергиясының тапшылығының алғашқы белгілері қазірдің өзінде байқалады. Әрине, электр қуатының жаппай жетіспеушілігі туындаған жоқ. Әзірге тепе-теңдік бар. Алайда алғашқы белгілері білінуде. Сондықтан болашақты ойласақ, біз атом станциясының құрылысына қатысты нақты шешім қабылдауымыз керек. Басшының міндеті де тиімді шешім қабылдау, – дейді Қасым-Жмарт Тоқаев akorda.kz таратқан ақпаратта.
Биыл қазанның 27-сіне Қазақстан энергетика министрлігі атом электр станциясын салу мәселесі қарастырылып жатқанын хабарлаған болатын.
Кейінгі кезде билік АЭС мәселесін қайта жиі айта бастады. Биыл қыркүйек айының басында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға атом электр станциясы қажет деп мәлімдеген. Оның алдында сол кездегі энергетика министрі Нұрлан Ноғаев Семей ядролық полигоны орналасқан Курчатов қаласында болашақ АЭС салынуы мүмкін екенін айтқан.
Бірақ қоғамда АЭС-ке байланысты қорқыныш та бар. Жұрт елде салынған АЭС апатқа ұшырай ма деп қауіптенеді. Елдегі жемқорлық мәселесі де жағдайды күрделендіруі мүмкін деп санайтындар бар. Жақында болған наразылықтар кезінде "АЭС салынбасын!" деген ұрандар да айтылды.
30 қыркүйекте аймақаралық ынтамақтастық форумы кезінде Ресей президенті Владимир Путин "Қазақстан АЭС салуды ұйғарса, Ресей көмектесуге даяр" деп мәлімдеген. Ол станция ғана емес, тұтас атом саласын дамыту жөнінде ұсыныс айтқан.