20 қарашада "оппозиция митингісі өтеді" деген орындардың бірі – Алматыдағы Астана алаңы аумағында полиция күзеті күшейді. Алаңға күндізгі сағат 12-де барған Азаттық тілшісі көлік қозғалысы шектелмегенмен алаң шетінде полиция көліктері мен жедел жәрдем тұрғанын көрді. Алаң маңындағы саябақ бойында көп полицей тұрды. Жәй киім киген адамдар да толып жүр. Құқық қорғау органдары алаң мен алаң аумағын толық бақылауға алған.
Дегенмен аумақта интернет істеп тұр.
Астанада Кенесары хан ескерткіші маңы "митинг орны" ретінде белгіленген. Адам құқығын қорғау бюросының бақылаушысы Артур Алхастовтың хабарлауынша, полиция әкімдік алдындағы Бейбітшілік көшесін жартылай жапқан. Оқиға орнында наразылар да, ақпарат құралдары да жоқ.
Бұған дейін қуғындағы бизнесмен, қазір Еуропада тұратын Мұхтар Әблязов өзі жетекшілік ететін "Қазақстан демократиялық таңдауы қозғалысына" әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы үндеу тастап, саяси тұтқындарды босату, жалақы мен зейнетақыны екі есе көбейту, шетелден әкелетін көліктерден утилизациялық алымды алып тастау туралы талап қойып, 20 қарашада Қазақстанда жаппай митингіге шығуға шақырған.
Қазақстан соты бұл ұйымды "экстремистік ұйым" деп санап, жұмысына тыйым салған, алайда Еуропарламент ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық ұйым" деп таныған.
Жергілікті құқық қорғаушылар Қазақстан билігі "экстремизм" бабын азаматтық белсенділерді қудалау үшін пайдаланып отыр деп кінәлайды. Билік мұны жоққа шығарады.
Митинг қарсаңында құқық қорғаушылар жер-жерде белсенділерді ұстау мен полицияға шақыру, аңду жиілегенін хабарлады. 20 қарашада таңертең Алматыда белсенді Бибігүл Жоламанованың ұсталғаны хабарланды. Полиция әзірге жауап бермеді.
Қарай отырыңыз: ҚДТ митингісі қарсаңында белсенділер полицияға шақырылып жатыр (19 қараша 2021 жыл).
Your browser doesn’t support HTML5