Сот белсендінің ҚДТ мен "Көше партиясына" байланысты түсірген арызын қанағаттандырмады

"Көше партиясына" республика аумағында тыйым салмай тұрған кезде қозғалыстың мақсаты жазылған плакат ұстап тұрған белсенділер.

24 қарашада Нұр-Сұлтандағы әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы азаматтық белсенді Айбек Сәбитовтың Бас прокуратураға қатысты түсірген жеке шағымын кері қайтарып, алғашқы сот шешімін өзгеріссіз қалдырды. Бұған дейін Сәбитов бас прокуратурадан ҚДТ және "Көше партиясы" қозғалыстарын "экстремистік" деп тану туралы сот шешімін қолға беруді талап еткен арызына дұрыс жауап ала алмаған соң Бас прокуратураның әрекетіне әкімшілік сотқа арызданған. Бірақ Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған әкімшілік соты азаматтық белсендінің арызын кері қайтарған еді.

– Мені "экстремистік ұйымға қатысты" деп айыптап, 405- баппен сотталдым. Мені қандай негізде соттағанын білгім келеді. Сондықтан бас прокуратураның сот материалдарын алып беруін талап етемін,- деді Айбек Сәбитов соттағы жарыс сөзінде.

Оны қоштаған заңгер Шәлипа Бекқұлова бұл сот актілерінің Сәбитовтың конституциялық құқықтарына тікелей қатысы болғандықтан, оның Бас прокуратураға қатысты талап арызын кері қайтару туралы алғашқы сот инстанциясының шешімімен келіспейтіндерін айтты. Заңгердің сөзінше, Бас прокуратура арызға мүлде қатысы жоқ мәселелерді алға тартып, жауап берген.

Бас прокуратура өкілі Эльдар Рақышев Айбек Сәбитовтың прокуратураға 24 және 27 қыркүйекте Есіл аудандық сотының тіркелмеген ҚДТ және "Көше партиясы" қозғалыстарын "экстремистік" деп тану туралы шешімдерін беру туралы арыз түсіргенін растады. Ол барлық материалдың соттың бірінші инстанциясына тапсырылғанын, ал аталған ұйымдардың экстремистік ұйымдар қатарына енгені туралы ресми ақпарат прокуратура сайтында бар екені айтып, оған сотқа немесе одан Жоғары сот инстанциясына арыздану туралы түсініктеме берілгенін айтысты.

Судья Сара Қаракүзиева алдыңғы сот ұйғарымын өзгеріссіз қалатыны және Сәбитовтың бас прокуратураға қатысты арызының қанағаттандырылмайтынын жылдам жариялап, кетіп қалды. Ол тіпті белсендінің заңгері Шәлипа Бекқұлованың реплика айту туралы өтінішіне құлақ та аспады.

Бірақ азаматтық белсенді күресін ары қарай жалғастыра беретінін айтады.

Айбек Сәбитов бас прокуратурадан өзі талап еткен Есіл аудандық сотының шешімдерін ала алмаған соң Нұр-Сұлтанның мамандандырылған әкімшілік сотына прокуратура үстінен арыз түсірген. Белсендінің арызын қараған әкімшілік соттың судьясы 9 қарашада оны кері қайтарған. Заңгер Бекқұлова сол жолғы сот процесінде судья Бияхметованың не Бас прокуратураны, не Сәбитовты онлайн өткен іске қоспағанын айтады.

Белсенді Есіл аудандық сотына да іс материалдарымен таныстырып, сот шешімін беруді сұрап, өтініш түсірген. Оған 22 қарашада соттың шешімі мен материалдары заңмен қарастырылған тұлғаларға ғана берілетіні, ол санатқа Сәбитовтың кірмейтіні туралы жауап алған.

Айбек Сәбитов 405-бап ("тыйым салынған ұйымның ісіне араласу") бойынша 13 мамырда сот шешімімен айыпты деп танылып, бас бостандығы 1 жыл 10 айға шектелген. Оған үш жылға дейін қоғамдық-саяси жұмыстармен айналысуға тыйым салынған. Бірақ ол кінәсін мойындаған жоқ.

9 қарашада бір топ алматылық белсенді де Есіл аудандық сотының (Нұр-Сұлтан) "Көше партиясына" тыйым салу жөніндегі шешімін басқа сот құрамымен қайта қарау туралы апелляциялық шағым түсірген еді. Шағымды алматылық азаматтық белсенділер Нинагүл Жұманиязова, Дәметкен Аспандиярова, Гүлзипа Жәукерова, Диана Баймағамбетова, Қайрат Қылышев, Абай Бегімбетов, Ноян Рахымжанов берген сенімхат негізінде адвокат Шынқуат Байжанов түсірген. Өйткені, оларды қазан айындағы сот шешімімен "Қазақстанның демократиялық қозғалысының" траснформацияланған түрі "Көше партиясы" қозғалысының қатысушысы, мүшесі ретінде таныған. Арызданушылар мүше саналған ұйымға қатысты соттың өздерінсіз өтуі заңсыз деп санайды.

Қазақстан соты "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) мен "Көше партиясы" қозғалыстарын 2018 және 2020 жылдары "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. Еуропарламент екі ұйымды "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.

Еуропарламент депутаттары Қазақстандағы адам құқығы жайлы биыл қабылдаған қарарында Нұр-Сұлтанды "экстремизмге қарсы заңдарды" қозғалыс жақтастарына қарсы қолданды деп айыптаған.

ҚДТ-ның негізін қалаушы – бұрынғы банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов 2020 жылы Франциядан саяси баспана алған.

Қазақстанда бұл екі ұйымға қатысты көп белсенді қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Олардың нақты саны белгісіз. Кейбір құқық қорғаушылар соңғы бірнеше жылда 300-ге тарта адамның сотталғанын айтады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Өзгеріс болуын қалау – қылмыс емес". Экстремизм деген не және билік оны қалай қолданады?