Қазақстанда 2021 жылдың тамыз бен қараша айы аралығында 22 адам саяси белсенділігі үшін қудаланған. Үш "саяси тұтқын" бостандыққа шықты.
"Ар.Рух.Хақ" қоғамдық қорының жетекшісі, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина 2 желтоқсанда Facebook'тағы "Қазақстандағы саяси қудалау бойынша ақпарат" атты жазбасында осындай мәлімет келтіреді.
Онда Қазақстанның түрлі өңірінде тұратын 22 адамның аты-жөні жазылған. Арасында қазір түрмеде отырған белсенділер: Ербол Есхожин, Асхат Жексебаев, Абай Бегімбетов, Қайрат Қылышев, Ноян Рахымжанов бар. Белсенділердің басым бөлігі 405-бап ("Тыйым салынған ұйымның ісіне араласу немесе қатысу") бойынша айыпталған. Бұл айыптар Нұр-Сұлтан соты "экстремистік ұйымдар" деп таныған, бірақ Еуропарламент "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" және "Көше қозғалысымен" байланысты. Қазір белсенділердің кейбірі түрмеде, кейбірінің бостандығы шектелген. Оларға саяси-қоғамдық жұмыспен айналысуына тыйым салынған.
"2018 жылдың наурыз айынан бері түрлі қылмыстық, азаматтық және әкімшілік баптармен 542 белсенді қудаланып жатыр. ҚР Қылмыстық кодекстің 405-бабы бойынша 75 адам сотталған, 3 адам тергеу амалдары жалғасқанша қамауда отыр (Сапиев М. - үйқамақта, Б. Меңдіғазиев тергеу изоляторында, Ерұлан Әміровке сот психиатриялық сараптама жүргізіліп жатыр). 7 қазақстандықтың соты өтіп жатыр: А.Қаналиев, А.Ісмақова., А.Акишева, А.Сыздықов, Н.Тастаев, М.Жыланбаев және А.Мүбәраков, А.Үмбетова. 91 белсенді қылмыстық іс бойынша тергеліп жатыр" деп жазды құқық қорғаушы.
Бақытжан Төреғожина тамыз бен қараша аралығында үш саяси тұтқын: Алмат Жұмағұлов, Кенжебек Әбішев пен Арон Атабектің түрмеден шыққанын жазады. "Шаңырақ оқиғасы" бойынша 15 жыл түрмеде отырған диссидент, ақын Арон Атабек 1 қазанда денсаулығына байланысты босатылып, көп ұзамай ауруханада көз жұмған. Халықаралық ұйымдар оның өліміне билікті кінәлаған, ал билік 2 желтоқсанда өзін Арон Атабектің өліміне кінәлі санамайтынын айтқан.
Халықаралық және жергілікті құқық қорғаушылар Нұр-Сұлтанды билікті қатаң сынаған белсенділерді қудалайды, ізіне түсіп, аңдиды, түрмеге қамайды деп жиі сынайды. Билік саяси қудалау барын мойындамайды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Саяси өзгерісті қалау – қылмыс емес". HRW Нұр-Сұлтанды белсенділерді қудалағаны үшін сынады