2022 жылдан бастап Қазақстанда зейнетақы қорындағы ақшаны алу шарты өзгереді: Қорда міндетті түрде қалуы тиіс қаражат мөлшері ("жеткілікті шек") шамамен екі есеге ұлғаяды. Бұл жөнінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры хабарлады.
Ресми ақпаратқа қарағанда, "жеткілікті шек" мөлшерінің көбеюі әлеуметтік көрсеткіштердің ұлғаюымен байланысты. Атап айтқанда, 2022 жылы ең төменгі жалақы мөлшері 41 пайызға көбейген (42,5 мың теңгеден 60 мың теңгеге дейін).
Осылайша жаңа өзгеріске сәйкес, 30 жастағы азамат үшін зейнетақы қорында қалуы тиіс "жеткілікті шек" мөлшері – 4,37 миллион теңге болады, 40 жастағылар үшін – 5,79 миллион теңге, 50 жас – 7,43 миллион теңге, ал 59 жастан бастап – 9,12 миллион теңге болады.
Елде зейнетақы жинақ қорындағы ақшаны басқару тиімділігіне сын жиі айтыла бастаған жақта ондағы ақшаның бір бөлігін пайдалануға рұқсат берілген еді. 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап азаматтарға қордағы ақшаны баспана, емдеу және инвестициялық басқаруға беруге рұқсат етілген.
Сарапшылардың айтуынша, зейнетақы қорындағы ақшаны ипотеканы жабу үшін пайдалануға беру – жылжымайтын мүлік нарығында бағаның шарықтауына әсер еткен. Ресми ақпарат бойынша, 2021 жылы маусымға дейін 16 мың адам зейнетақы қорындағы ақшаның көмегімен ипотека қарызынан құтылған.
ВИДЕО Сенат депутаттары зейнетақы қорындағы ақшаны алу шарты жайлы не дейді?Кейбір сыншылар зейнетақы жинағы жоқ немесе мөлшері өте аз миллиондаған адам зейнет жасына жеткеннен кейін әлеуметтік қиындықтарға ұшырауы мүмкін деп ескертеді.
Жергілікті ақпарат құралдарының жазуынша, зейнетақы қорындағы ақшаны алу шартының өзгеретіні жайлы ақпарат тарағаннан кейін 3 желтоқсанда Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының сайтына кірушілер көбейіп, сайт дұрыс істемей қалған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Зейнетақы қорындағы ақшаны қалай алуға болады? Жұртты мазалаған сауалдарға жауап