АҚШ президенті Джо Байден Ресей басшысы Владимир Путиннің Украинаға қарсы қандай да бір әрекет жасауына кедергі келтіретін кешенді бастамаларды әзірлейтінін мәлімдеді.
"Жан-жақты және маңызды бастамаларды бір жерге топтастырып жатырмын. Ол Путин мырзаға жұрт қауіптеніп жүрген нәрсені жасауына қатты бөгет жасайды" деді Байден 3 желтоқсанда Ақ үйде өткен баспасөз мәслихаты кезінде.
Байденнің айтуынша, Ақ үй Киев пен Еуропадағы одақтастарымен тұрақты түрде байланыста отыр.
Украина қорғаныс министрі Алексей Разников 3 желтоқсанда Ресей Украинамен шекараға 94 мыңнан астам әскерін шоғырландырды, 2022 жылы қаңтардың соңында ірі шабуыл жасауға оқталып отырған сияқты деп мәлімдеген. Оның сөзінен Reuters агенттігі үзінді келтіреді.
Кейінгі апталарда Батыс елдері мен Украина Ресейдің шекараға әскерін көптеп әкеле бастағанына алаңдап келеді. Олар Ресей тағы да соғыс ашуы мүмкін деп топшылайды. Өз кезегінде Мәскеу мұны жоққа шығарып, Украина мен АҚШ-ты жағдайды тұрақсыздандыруға тырысты, Украина шығысында шабуыл жасауға дайындық жасады деп Киевтің өзін айыптаған. Украина билігі мұны жоққа шығарады.
Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков 3 желтоқсанда Ресей мен АҚШ президенттерінің қашан кездесетіні белгілі болғанын, алдағы уақытта хабарланатынын айтқан. Екі ел басшысы онлайн кездеседі деп айтылады.