"Мен отыз жыл бойы халқымды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, қайраңға қалдырмай, әлемдік өркениеттің алдыңғы шебіне, дүниедегі ең дамыған 40 елдің қатарына қостым". Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 6 желтоқсанда жарияланған "Тәуелсіздік тағылымы" деген мақаласында осылай делінген.
Қазақстанның СССР кезіндегі, тәуелсіздік алардағы және 1991 жылдан кейінгі саяси тарихына тоқталған Нұрсұлтан Назарбаев бұл мақаланы "Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылы қарсаңында ой бөлісу" деп атаған және "бұрын көп айтыла бермейтін кейбір деректі халық назарына ұсынатынын ескерткен".
Нұрсұлтан Назарбаев мақаласында СССР-дің соңғы басшысы Михаил Горбачевтің қайта құру саясатын және СССР-ді сақтап қалуға жанталасқанын сынайды, 1989 жылы өткен СССР халық депутаттарының съезінде Горбачевті ашық сынға алғанын айтады.
Назарбаев еске алған парламент 1989 жылы СССР халық депутаттарының съезі совет тарихында алғаш рет Михаил Горбачевтің бастамасы бойынша демократиялық жолмен сайланған еді.
- Горбачев қаншалықты жанталаса қимылдап, Одақты сақтап қалуға әрекет еткенімен, КСРО-ның одан әрі ыдырауын тоқтату мүмкін емес еді. 1991 жылдың 18-21 тамызында әйгілі "тамыз бүлігі" болды. Бұл - Кеңес Одағы басшылығының дәрменсіздігін күллі әлемге танытты, - дейді Нұрсұлтан Назарбаев.
Алайда Қазақстанның сол кездегі саясаткерлерінің кейбірі СССР-ді сақтап қалуға Назарбаевтың өзі де мүдделі болды деп санайды. 1990 жылы 25 сәуірде Қазақ ССР президенті болып сайланғанда Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі де "... жалауымыз қызыл, мақсатымыз – лениндік ұғымдағы ізгілікті социализм болып қала беретінін барынша жауапкершілікпен мәлімдейміз" деген болатын.
Назарбаевтың осы мәлімдемесінен кейін Қазақ ССР Жоғарғы кеңесі "қайта құруды қорғауға, социалистік мемлекеттің бірлігін, аумақтық тұтастығын аялап сақтауға" шақырды.
Ал Горбачевті биліктен тайдыруды көздеген "Тамыз бүлігі" кезінде Қазақстан басшылығы әліптің артын бағып, екі күнде екі түрлі үндеу жариялады.
Назарбаев мақаласында 1991 жылы желтоқсан айында болған, СССР-ді таратқан Беловежье келісіміне де тоқталады.
- 8 желтоқсанда Ельцин, Кравчук және Шушкевичтің қатысуымен Белоруссияның Беловежьесінде өткен кездесуде Кеңес Одағының "халықаралық құқық пен геосаяси жағдай субъектісі" ретінде өмір сүруін тоқтатқаны туралы мәлімдеме жарияланды. Мен Ельцинмен, Кравчукпен, Шушкевичпен жүздесу үшін шұғыл түрде Мәскеуге ұштым, мұндай кездесу күні бұрын жоспарланған еді, бірақ шақырылған үшеуі де келмей, кездесу болмай қалды, - дейді ол.
Бұл оқиға жөнінде Азаттық Беларусь парламентінің бұрынғы басшысы Станислав Шушкевичтен пікір сұраған болатын.
- "Славян республикалары жасырын келісім жасады" деп айтпасын деп, Назарбаевты да шақырған едік. Ондай беделді адамның да қатысқанын жөн көрдік. Бірақ ол сол кезде "шығыс даналығын" танытып, Мәскеуге барып, "саған СССР жоғарғы кеңесінің төрағалығы қызметін беремін" деген Михаил Горбачевке жолыққан. Сондықтан да Беловежье орманына келмеді, - дейді ол.
Украинаның бұрынғы президенті Леонид Кравчук Беловежье орманына келуге Нұрсұлтан Назарбаев Бори Ельцинге уәде бергенін айтады.
- Алайда бірнеше сағаттан кейін оның бізге келуден бас тартқаны белгілі болды. Борис Николаевич бізге Назарбаевтың Горбачевпен кездескенін, Горбачевтің оны Беловежье орманына бармауға көндіріп қойғанын, "Біз бәріміз Кремльде жиналамыз" деп айтқанын жеткізді, - дейді Кравчук.
Нұрсұлтан Назарбаев мақаласында "Тәуелсіздік жариялаған соң жүйелі саяси реформаны қолға алдық. Осыдан жиырма бес жыл бұрын бүгінгі барлық жетістіктерімізге берік заңнамалық іргетас болып қаланған Ата заңымыз – жаңа Конституциямызды қабылдадық. Бүкіл халық болып талқылаған бұл құжат ел даналығы мен ынтымағының, береке-бірліктің іргетасына айналды" деп жазады.
1995 жылы бүкіл халықтық референдуммен қабылданған 95 баптан тұратын Қазақстан Конституциясының 64 бабына кейіннен барлығы 5 рет өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. 1998 жылы – 19, 2007 жылы – 41, 2011 жылы – бір, 2017 жылы – 31, 2019 жылы - бір, барлығы 93 өзгеріс қосылды. Өзгерістің басым бөлігі президент билігін нығайтуға арналды.
1993 жылы 28 қаңтарда қабылданған Қазақстанның тұңғыш конституциясын сарапшылар "алғашқы Конституция қазіргі Конституцияға қарағанда демократия қағидаларына жақын болды" деп санайды.
Мақалада Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылы Семей ядролық полигонын өзі жапқанын айтқан. Семей полигонының қалай жабылғаны жайлы баспасөзде өзге де түрлі деректер бар. Кейбірінде сол кездегі Семей облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Кешірім Бозтаев компартияның бас хатшысы Михаил Горбачевқа бұл жөнінде арнайы хат жолдап, мәселені алғаш көтерді деп айтылады.
Қазақ ССР Жоғарғы кеңесінің төрағасы болған Серікболсын Әбділдин Семей полигонын жабуға "Невада-Семей" қозғалысы ықпал етті. 1990 жылдың мамыр айында Семей полигонында ядролық сынақты тоқтату туралы жоғарғы кеңес арнайы қаулы қабылдады. Ең үлкен саяси шешімдердің бірі – сол қаулы. Яғни 1991 жылы тамыздың 29-ы күні Семей полигонын жабу туралы Қазақ ССР-інің президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығы шыққанда сынақ онсыз да тоқтап тұрған» деген болатын.
Нұрсұлтан Назарбаев мақаласында 2000 жылдардан кейінгі Қазақстаннның әлеуметтік-экономикалық табыстары зор болды деп санайды. Қазақстанның бұрынғы президенті 1997 жылы "Қазақстан - 2030", 2006 жылы "Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру", 2012 жылы "Қазақстан - 2050" стратегиялық бағдарламасын жариялаған.
Алайда бұл бағдарламалардың орындалғанына күмәнмен қарайтындар жиі кездеседі.
Биыл шілдеде 81 жасқа келген Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Совет одағынан тәуелсіздік алмай тұрып билікке келген. 2019 жылғы наурызда президенттіктен кеткелі бері конституциялық орган – қауіпсіздік кеңесінің төрағасы қызметін атқарады. Президент негізгі мемлекеттік лауазымдарға адам тағайындағанда қауіпсіздік кеңесі төрағасымен кеңесуі керек. Экс-президенттің "елбасы" және "ұлт көшбасшысы" деген титулдары бар, бұл титулдар оны кез келген қудалаудан қорғайды.