Атыраудың экс-әкімі Бергей Рысқалиев Жаңаөзен оқиғасына "қатысы жоғын" мәлімдеді

Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиев

"Аса ірі көлемдегі бюджет қаржысын жымқырды және және қылмыстық топ құрды" деген айыппен 17 жылға сырттай сотталған, қазір шетелде жүрген Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиев Жаңаөзен оқиғасына қатысы жоқтығы жайлы мәлімдеме жасады. Бергей Рысқалиевтің мәлімдемесін адвокаты Абзал Құспан Facebook парақшасына және Youtube арнасына жариялады.

Адвокат Абзал Құспан кейінгі кездері Жаңаөзен оқиғасына байланысты Бергей Рысқалиевті кінәлайтындар көбейе бастағандықтан бұл мәселе бойынша Бергей Рысқалиевтің өзінен жауап беруді өтінгенін айтады.

– Жаңаөзен оқиғасына тікелей мені кінәлау – еш ақылға сыймайды. Оны жасап отырған биліктің жалдамалы блогерлері, журналистері мен бірқатар ақпарат құралдары. Жаңаөзен ісіне қатысым болса, сол кезде билік маған қарсы қылмыстық іс неге ашпады? Неге әлі күнге дейін билік ресми түрде мені айыптамайды? Дәлелдер, фактілер, құжаттар мен куәгерлер қайда? – дейді Бергей Рысқалиев мәлімдемесінде.

Бергей Рысқалиев мәлімдемесінде шетелде тұратын бұрынғы банкир, Қазақстан билігіне оппозициядағы саясаткер Мұхтар Әблязовтың таяуда айтқан сөзіне де жауап берген.

– Әблязовтың айтқаны абсурд, не дәлел, не факт жоқ. Бұл адам өз сөзіне жауап беруі тиіс. Алдағы уақытта онымен Еуропа сотында кездесеміз. Әблязовтың маған жала жабуы – өзі бүлдіріп, басқаға ілігін арта салғысы келетін балабақшадағы баланың ісі тәрізді. Себебі, диктатор Назарбаев Жаңаөзенге Әблязовты айыптайды, ал ол қылмысты маған арта салмақ, – дейді Бергей Рысқалиев.

Биыл желтоқсанның 6-сына Мұхтар Әблязов Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасы арқылы эфирге шығып, 2011 жылы 16 желтоқсанда Жаңаөзен қаласының орталық алаңына құрылған "сахнаны қиратып, бүлік шығарған белгісіз адамдарды Қазақстан билігі Бергей Рысқалиев арқылы ұйымдастырды" деп айыптаған болатын.

– Бұзақылық жасаған бір топ адамның әрекетін алдын ала құпия ұйымдастыру мүмкін емес. Бұл іске байланысты сол кезде-ақ Атырау облысының әкімі Бергей Рысқалиев аталды. Тікелей кураторы президент әкімшілігінің жетекшісі Аслан Мусин болды,- дейді Мұхтар Әблязов. Бұрынғы банкир бұл жөнінде алғаш рет ашық айтып отырғанын ескерткен.

Мұның алдында, Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік телеарналардан көрсетілген деректі фильмде Жаңаөзен оқиғасына қуғындағы банкир, шетелде тұратын билік оппоненті Мұхтар Әблязовты кінәлаған еді.

"Бұл – Әблязовтың ісі. Ақша берген, мұнайшының киімін де кигізіп қойған, араққа тойдырып, Молотов коктейлін әзірлеген. Тәуелсіздік күні. Алаңда эстрада концерті өтіп жатқан, адамдар тұрған. Олар концерттің шырқын бұзды. Онымен тоқтамай, полиция кеңсесін талқандауға барған. Қару-жарақ қайда тұрғанын да іздеген" деді Назарбаев америкалық кинорежиссёр, сценарист және продюсер Оливер Стоунның деректі фильмінде.

Бергей Рысқалиев 2006-2012 жылдары Атырау қаласы мен Атырау облысының әкімі қызметін атқарған. 2013 жылы экс-әкімге "аса ірі көлемдегі бюджет қаржысын жымқырды және және қылмыстық топ құрды" деген айып тағылған. Тергеу бес жылға созылып, 2019 жылы Қазақстан соты Бергей Рысқалиевті 17 жылға, ағасы Арманжан Рысқалиевті 16 жылға сырттай соттаған. Олардың құны миллиардтаған теңге тұратын дүние-мүлкін тәркілеген.

Алайда 2020 жылы жазда Қазақстан соты Бергей Рысқалиевтің отбасы мен жақындарынан тәркіленген мүліктің "бір бөлігін" қайтару туралы шешім шығарған. Рысқалиевтің мүлкін қайтару туралы кассациялық шағымды Қазақстан Бас прокуратурасы түсіріп, оған Жоғарғы соттың тез келіскені қоғам назарын аударған.

Таяуда Бергей Рысқалиев өзіне байланысты мәселелер жөнінде Азаттыққа сұқбат беруден бас тартты.

2011 жылы 16 желтоқсанда Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында еңбек жағдайын жақсартуды талап еткен мұнайшылардың бірнеше айға жалғасқан бейбіт наразылық акциясын полиция оқ атып таратқан еді. Ресми мәлімет бойынша, Жаңаөзен оқиғасы кезінде 17 адам көз жұмған. Ондаған адам жараланған.

Осы оқиғаның алдында Жаңаөзен мұнайшылары 7 ай бойы орталық алаңда алаңда еңбек дауына байланысты наразалық білдіріп жатты. Оқиға болатын күні жергілікті әкімдік мұнайшылар жатқан алаңда тәуелсіздік күніне арналған салтанатты іс-шара өткізбек болғанда бір топ адам сахнаны қиратып, қарсылық білдірген. Билік те, опоозицияда бұл адамдарды наразылық білдіріп жатқан мұнайшыларға қатысы жоқ "арандатушылар" деп санап, бірін-бірі айыптайды.