Коронавирустың өткен айда Африканың оңтүстігінен шыққан "омикрон" штамы қазіргі "дельта" штамға қарағанда тезірек жұғады, қолданыстағы вакциналардың оған әсері шамалы. Алайда қазіргі мәліметтерге қарағанда, "омикрон" жеңілірек өтеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жексенбіде таратқан бұл ақпаратына France Presse агенттігі сілтеме жасаған.
Бұл құжатқа қарағанда, "омикрон" жылдам таралып жатқан елдерде "дельта" ығысып қалуы мүмкін.
Қазіргі уақытта "омикрон" 63 елден табылған. Оңтүстік Африка республикасында "омикронмен" ауырғандар бірер аптада бірнеше есе көбейген. Ауырғандардың көбінен салқын тигенге ұқсайтын жеңіл сипмтомдар байқалған. Әзірге "омикроннан өлді" дейтін жағдай болмаған.
Солай болса да жексенбі күні Британия эпидемия қауіпсіздігін күшейтті. Бұл елде мыңнан астам адамнан "омикрон" табылып, кейбірі ауруханаға түскен. Өлгендер жоқ. Ұлыбританияның премьер-министрі Борис Джонсон коронавирус вакцинасын үшінші рет салдыруға шақырды.
Израиль Британия, Дания, Бельгияны "қара тізімге" енгізіп, бұл елдерден адам кіргізбеуге бекінді.
Мамандар жаңа штамның салыстырмалы түрде жеңіл өтетіні және вакцинаның әскері жайлы нақты қорытынды шығаруға ерте деп санайды. Оңтүстік Африка республикасы мен Израильде жүргізілген шағын зерттеулер Pfizer вакцинасының екі дозасының "омикронға"әсері айтарлықтай азайғанын көрсеткен. Бірақ үшінші дозасының әсері жоғары болып шыққан. Әзірге Ресейдің "Спутник V" вакцинасының әсері туралы мәлімет жоқ.