Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құдасы, жазушы Сәбит Досанов, "Елбасы – ел тірегі" әнінің авторы Мырзатай Жолдасбеков "Отан" орденімен, Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Қайрат Сатыбалдының құдасы, "Саутс-Ойл" ЖШС президенті Серікжан Сейтжанов, сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев, ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев ІІ дәрежелі "Барыс" орденімен, мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева І дәрежелі "Барыс" орденімен марапатталған.
Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен марапатталғандар туралы бұл ақпаратты бүгін Ақорда хабарлады.
Орденмен марапатталғандар арасында Қазақстанның жоғары билігінде жүргендер мен Қазақстанның бұрынғы президенті Нұр-Сұлтан Назарбаевтың айналасында көп жыл қызмет еткендер жиі кезігеді.
Конституциялық кеңес төрағасы Қайрат Мәми, "ҚазМұнайГаз" АҚ басқарма төрағасы Алик Айдарбаев, "Bazis Holding Сompany" ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы Александр Белович "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев" орденімен марапатталған.
ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы, "Отандастар қоры" АҚ президенті Нұртай Әбіқаев, ENRC PLC компаниясы құрылтайшыларының бірі, миллионер Александр Машкевич, мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева, 1990 жылдардан жоғары билікте жүрген, көп жыл мәжіліс депутаты болған Қуаныш Сұлтанов, "Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің" ректоры, Нұрсұлтан Назарбаевтың "үшінші әйелі" деп аталатын Әсел Құрманбаеваның әкесі Тілектес Есполовқа І дәрежелі "Барыс" ордені берілген.
Нұрсұлтан Назарбаевтың сыныптасының ұлы, "Nur Otan" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбекке ІІІ дәрежелі "Барыс" ордені тиген.
ІІІ дәрежелі "Барыс" орденін алғандар арасында бұрынғы бас прокурор Рашид Түсіпбеков, "Қазақмыс Холдинг" ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы Эдуард Огай, "BI Group" холдингі директорлар кеңесінің төрағасы, миллионер Айдын Рахымбаев, "Самұрық-Қазына" басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев, Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, 2011 жылы "Қазақстан президентінің өкілетін 2020 жылға дейін ұзартуды" ұсынған Ерлан Сыдықов, мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан, "Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы" төрағасының бірінші орынбасары, бұрынғы ішкі істер министрі Зауытбек Тұрысбеков бар.
Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова да ІІ дәрежелі "Достық" орденімен марапатталған.
"ІІІ дәрежелі "Еңбек Даңқы" ордені өндіріс, көлік, құрылыс, ауыл шаруашылығы және басқа да материалдық өндіріс салаларының 105 жұмысшысы мен еңбеккеріне берілді. Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен 553 адам марапатталды" дейді Ақорда.
Биыл, желтоқсанның 16-сына Қазақстанның тәуелсіздік жариялағанына 30 жыл толады. Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы маусымда Қазақстан президенті болып сайланған. Оның кандидатурасын Нұрсұлтан Назарбаев "Нұр Отан" партиясы арқылы ұсынған.
Биыл шілдеде 81 жасқа келген Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Совет одағынан тәуелсіздік алмай тұрып билікке келген. Ол 2019 жылғы наурызда президенттіктен кеткенімен қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде саяси биліктегі ықпалын сақтап қалған.