Вице-премьер: Жаңаөзен оқиғасының нүктесі баяғыда қойылған

Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов.

Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов.

Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов осыдан он жыл бұрын болған Жаңаөзен оқиғасының бар шындығы ашылды деп санайды.

– Жаңаөзен шындығы ашылған. Нүктесі баяғыда қойылған, - деді 14 желтоқсанда Азаттық тілшісінің сұрағына жауап берген Тоғжанов.

Кейбір белсенділер Жаңөзен оқиғасы кезінде халыққа оқ атуға бұйрық бергендер жазаланбады деп мәлімдеп, жоғары басшылар арасынан ешкімнің жауапқа тартылмағанын меңзеген. Олар қантөгісті қайта зерттеу қажеттігін алға тартқан. 14 желтоқсан күні премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов он жыл бұрынғы қантөгіске қатысты қайта зерттеу жүргізуді қолдамайтынын айтты.

– Ешқандай зерттеу керек емес. Сол жерге қатысқан азаматтардың барлығының жағдайы жасалды. Өткенде ғана Жаңаөзенде үлкен ас берілді. Ниет білдіретін азаматтардың барлығы жиналды. Сондықтан халықтың өзі сол жерде шешімдерін қабылдап жатыр, – дейді ол.

2011 жылы 16 желтоқсанда Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында еңбек жағдайын жақсартуды талап еткен мұнайшылардың бірнеше айға жалғасқан бейбіт наразылық акциясын полиция оқ атып таратқан. Ресми мәлімет бойынша, "Жаңаөзен оқиғасы" кезінде 17 адам көз жұмған. Бірақ қала тұрғындары мен құқық қорғаушылар, құрбандар саны бұдан көп деп санайды.

Бірнеше жыл бұрын ереуілшілерге заңсыз оқ атқаны үшін полицияның бес офицері бес жылдан жеті жылға дейін түрме жазасына кесілген. Ал ереуілге қатысты "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру" айыбы тағылған 37 адамның 13-і үш пен жеті жыл аралығында сотталған. 21 адам шартты жаза алып, үшеуі ақталған.

Жаңаөзен қырғынына байланысты қозғалған қылмыстық істер бойынша сотталғандардың барлығы кейін бостандыққа шықты. Кейбір қоғамдық белсенділер мен Жаңаөзен оқиғасының куәгерлері бейбіт халыққа оқ атуға бұйрық бергендер жауапқа тартылмады деп санайды.

"Жаңаөзен шындығы ашылсын!" Маңғыстауда қантөгіс құрбандарын еске алды