АҚШ сейсенбі күні Беларусьтің Гомель қаласында оппозиция қайраткерлері мен журналист Игорь Лосикке қарсы шығарылған үкімді сынға алды.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Сергей Тихановский, Николай Статкевич, Игорь Лосик және басқа да айыпталушыларға шыққан үкімнің саясиланғанын айтып, сот процесі әділ жүрмеді деді.
"Сотталғандар да, Беларусь халқы да мұндай қатал репрессияға лайық емес", – деп мәлімдеді мемлекеттік хатшы.
АҚШ үкім Беларусь билігінің адам құқықтарын қорғау жөніндегі халықаралық міндеттемелерін орындамайтынын көрсетті деп есептейді.
АҚШ мәлімдемесінде саяси мотивпен сотталған 900 адамның аты-жөні айтылып, оларды босату талап етілген. АҚШ сонымен бірге Александр Лукашенконы репрессияны тоқтатып, оппозициямен диалог орнатып, таза сайлау өткізуге шақырды.
Еуроодақ та сот үкімін айыптады. Мәлімдемеде ЕО Минскіге қарсы жаңа санкция салуға дайын екенін жеткізген.
Жабық өткен сотта шығарылған үкімге сай, 2020 жылы елдегі президент сайлауына түспек болған "Страна для жизни" Youtube каналының блогері Сергей Тихановский – 18 жылға, Азаттық радиосы Беларусь қызметінде кеңесші болған блогер Игорь Лосик 15 жылға сотталды.
Сонымен бірге блогер Владимир Цыганович – 15 жылға; "Страна для жизни" Youtube арнасының операторы Артем Саков пен модераторы Дмитрий Попов – 16 жылға; Беларусь социал-демократиялық тіркелмеген партиясының лидері Николай Статкевич 14 жылға сотталды. Алтауы да қатаң режимдегі колонияға жіберіледі.
Сергей Тихановский – Беларусь президент сайлауына түскен Светлана Тихановскаяның күйеуі. Батыс елдері мен оппозиция 2020 жылы тамыздағы сайлауда Тихановская жеңіске жетті деп біледі. Еуропа елдері мен АҚШ Беларусьті 26 жыл басқарған Александр Лукашенконың жеңісін мойындамаған.
Тихановская сайлаудан кейін екі баласымен Литваға кетіп, қазір Беларусь оппозициясының лидеріне айналды. Ол 14 желтоқсандағы сот үкіміне қатысты Twitter желісінде "Бұл адамдардың тірі жүргенінің өзі режим үшін қылмыс еді. Олар еркін Беларусьте өмір сүргісі келгені үшін репрессияға ұшырады. Диктатор саяси тұтқындардың ісін жабық өткізіп, мықты қарсыластарынан кек алып жатыр. Ол репрессияны үнсіз жалғастырғысы келеді. Бірақ әлем бәрін көріп отыр, біз күресті тоқтатпаймыз" деп жазды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Диктатордың кек алуы". Светлана Тихановскаяның күйеуі Сергей Тихановский 18 жылға сотталды