Тергеуде қаза болған жігіттің туыстары Тоқаев пен Назарбаевқа үндеу жолдады  

Тергеу кезінде қайтыс болған Нұрболат Жұмабаев.

Шымкент полиция департаментінде тергеу кезінде көз жұмған Нұрболат Жұмабаевтың туыстары Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевқа үндеу жолдады. Азаттыққа да жіберген видеода олар істі назарға алуды сұрайды.

8 желтоқсанда Шымкент қаласында полиция Жұмабаев пен досы Сергей Петровты "көлік ұрлығына қатысы бар" деген күдікпен ұстаған. Бірнеше сағаттан соң полиция департаментіндегі тергеу кезінде Жұмабаев қайтыс болған.

Әуелде полиция Жұмабаевтың "жауап алу барысында өзін нашар сезініп, қайтыс болғанын" айтқан. Бірақ туыстары марқұмның денесінде жарақат көп екенін мәлімдеген соң, 11 желтоқсанда полиция департаменті басшысы Ералы Жұмаханбетов күдіктіге күш қолданылғанын растады.

Жұмабаевтың туыстары Азаттыққа жіберген медицина сараптамасы қорытындысында марқұмның қайтыс болуына үш жайт – "шок", "ұйқы безіне қан кету" және "ішінен алған жарақат" әсер етуі мүмкін деп көрсетілген.

Тергеу кезінде жұмбақ жағдайда қаза болған Нұрболат Жұмабаевтың бауыры Жанболат Жұмабаев.

– Ол соққыға жығылып өлтірілген деп нық сеніммен айта аламын. Сараптама оның ауырсыну шогынан өті жарылып, өкпесі зақымданғанын анықтады. Денесінің сау-тамтығы жоқ. Көгеріп кеткен. Аяғы бірнеше жерден сынған, – дейді Жанболат Жұмабаев билікке жолдаған үндеуінде.

12 желтоқсанда Шымкент қалалық тергеу соты қалалық Жұмабаевтың қазасына байланысты күдікті ретінде ұсталған үш полиция офицерін 2 айға қамады. Олардың үстінен қылмыстық кодекстің "Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру" бабымен іс қозғалған. Марқұмның ағасы Жанболат Жұмабаевтың сөзінше, бұл іс баяу қаралып жатыр.

– Бірнеше полковник пен подполковник ұсталды. Бірақ оның ешбірі пәрменсіз әрекет етпес еді. Бұл жағдайдан генерал да хабардар болғанына сенімдімін. Неге Шымкент полиция департаментінің басшысы генерал Ералы Жұмаханбетов әлі күнге дейін өз орнында отыр? – дейді Жұмабаев.

Халықаралық ұйымдар мен қазақстандық құқық қорғаушылар Қазақстандағы түрмелерде, тергеу орындарында сотталушылар мен күдіктілердің азаптауға ұшырайтынын, қамаудағыларға дұрыс жағдай жасалмайтынын айтып, Нұр-Сұлтанның назарын осы мәселеге жиі аударады. Сотталушылардың я күдіктілердің жақындары да қамауда отырғандардың азапталғанын жиі айтып, дабыл қағады.

Amnesty International құқық қорғау ұйымы 2020 жылғы Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі есебінде де "елдегі түрмелерде, тергеу орындарында азаматтарды азаптап, қорлайды. Билік санаулы жағдайда ғана болмаса, көбіне мұндай оқиғаларға байланысты әділ, тәуелсіз әрі тиімді тергеу жүргізбеген" деп мәлімдеген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Баламды ұрған, айуандықпен өлтірген". Шымкент полициясындағы жігіттің қазасы