Алматыда күндізгі сағат 11-ден өте бере Республика алаңы аумағында мобильді интернет өшті. Алаңды бақылаған полицейлер қарасы көбейді.
Бұған дейін алаң екі жағынан: Желтоқсан мен Назарбаев көшесі жағынан жабылған болса, күндізгі 11-ге қарай жабылған аумақ көлемі ұлғая түсті. Азаттық тілшілерінің хабарлауынша, қазір алаң орналасқан Сәтбаев көшесі батысында – Наурызбай батыр, шығысында - Назарбаев, жоғары жақтан – Тимирязев пен төменгі жақта Абай көшелері жағынан бекітілген. Алаңда шамамен елу шақты адам жүр. Желтоқсан көшесінен төмен қарай автозактар тұр.
Маска тағып, бет жүзін жасырған "белгісіз" азаматтар алаңда жүргендерді видеоға түсіріп жүр.
Мұнда таңертең қала әкімі Бақытжан Сағынтаев қатысқан ресми шара өткен.
Астанада "митинг өтеді" делінген аумақта полиция бақылауы күшейген. Ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш "қар тазалау жұмыстарына" байланысты қоршалған. Айналада полиция көліктері тұр.
Бұған дейін тіркелмеген Демократиялық партия және "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы (Нұр-Сұлтан соты ҚДТ-ны "эстремистік ұйым" деп танығанмен Еуропарламент "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған) жақтастарын 16 желтоқсан митингіге шақырған. Митинг орны ретінде Желтоқсан құрбандарын еске алу мемориалын атаған.
16 желтоқсан — Қазақстан тәуелсіздігі күні. Бұл күн Қазақстанның жаңа тарихында тағы екі оқиғамен байланысты аталады. Осыдан 35 жыл бұрын дәл осы күні Кремльдегі биліктің Геннадий Колбинді советтік Қазақстанға басшы етіп тағайындағаннан кейін қазақ жастары Алматының орталық алаңына жиналып, наразылық танытқан. Совет билігі жастардың бейбіт митингісін күш қолданып, басып-жаншыған. Митингіден кейін жүзге жауапқа тартып, соттаған, жұмыстан шығарған.
2011 жылы 16 желтоқсанда Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында еңбек жағдайын жақсартуды талап еткен мұнайшылардың бірнеше айға жалғасқан бейбіт наразылық акциясын полиция оқ атып таратқан. Ресми мәлімет бойынша, "Жаңаөзен оқиғасы" кезінде 17 адам көз жұмған.