Өзбекстанда президент тыйымына қарамастан мұғалімдерді мерзімді баспасөзге мәжбүрлеп жаздыру науқаны жалғасып жатыр. Бұл жөнінде Азаттықтың Өзбек қызметі хабарлады.
Кейбір аймақта мектеп директорлары "өз еркімен мерзімді басылымға жазылуды ұйымдастырдым" деп қолхат жазуға мәжбүр болған.
Мәселен, Сырдария облысы Сардоба ауданындағы №13 мектептің директоры хатында былай деп жазған: "Маърифат кўзгуси", "Янги Сирдарё", "Халқ сўзи", "Янги Ўзбекистон", "Маънавий ҳаёт" секілді ондаған басылымға жазылуды ұйымдастыруды мойныма аламын". Өзбек қызметі хаттың көшірмесін де жариялады.
Мерзімді баспасөзге мәжбүрлеп жаздыру науқаны елдің басқа да аймақтарында жүріп жатқанын дәлелдейтін материалдар бар.
Қашқадария облысы Китаб ауданындағы мектептердің бірінің директоры тапсырманы орындамағандар жұмыстан шығарылатынын айтқан.
Өзбекстан президенті 2018 жылғы 14 тамызда жарлық шығарып, мұғалімдерді мерзімді басылымдарға жазылуға мәжбүрлеуге тыйым салған. Алайда өзбек шенеуніктері мұны мұғалімдер "өз еркімен" жазылды деп көрсетуге тырысып жатыр.
Өзбекстанда 1200-ден астам газет пен журнал шығады.