17 желтоқсанда Алматыдағы Республика алаңының маңында 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының құрбандарын еске алу жиыны өтті. Әкімдік ұйымдастырған шараға Желтоқсан оқиғасына қатысқандармен бірге жүзге жуық адам келді. Олар алаңдағы "Тәуелсіздік таңы" ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Жиын басталарға дейін алаңға апаратын көшелер жабылып, қоғамдық көлік жіберілмеді. Ал таңғы 10 жоспарланған жиынды уақытынан ерте басталды. Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев шараның басында гүл қойып, кетіп қалды. 10 минутқа созылған гүл қою рәсімінен соң әкімдік өкілі әр ауданда атаулы күнге орай ас берілетінін айтып жиналғандарды алдын ала дайындалған автобустарға мінуге шақырды. Шараны басынан аяғына дейін полицейлер бақылап тұрды.
Жиналғандардың арасында асқа бармағандар да болды. Солардың бірі желтоқсаншы Мадина Төлешова. Ол жиынға жақында қайтыс болған ақын, диссидент Арон Атабек туралы журналды әкелген. Ол "17 желтоқсанда Желтоқсан оқиғасына қатысқан Арон Атабекті де еске алу керек" дейді.
– Арон Атабек – ағасымен, әпкесімен бірге 1986 жылы көтеріліске шыққандардың бірі. Мен де сонда келіссөз жүргіздім. Кейін оны 15 жыл түрмеге қамады. Ұрды, соқты, азаптады. Енді өлер алдында үйіне жібере салды, – дейді ол.
Төлешова Желтоқсан тақырыбы толық ашылмағанын, мерт болғандардың қайда жерленгені әлі белгісіз екенін айтады.
Жиынға келген тағы бір желтоқсаншы Ермұхан Қуандық шараға бірер күн бұрын басылып шыққан "Тәуелсіздікке жеткізген желтоқсандықтар" атты кітапты алып келген. Кітапта сол күні алаңға шығып, сотталған сексенге жуық адамның өмірбаяны жазылған.
– Бұл кітаптың әдеби құндылығы аз шығар, бірақ деректік мәні бар. Қазір Желтоқсан оқиғасы туралы материалдар көп қой. Кейбірі шындық, кейбірі ертегіге ұқсап бара жатыр. Сондықтан биыл әр желтоқсаншы шамасы келгенше ақша бөліп, осы кітапта шығардық. [Желтоқсан оқиғасына қатысқан] жігіттер қалай шығып, қалай сотталғанын айтып берді. Соның негізінде жазылды, – деп түсіндіреді кітапты құрастырушылардың бірі.
Биыл Желтоқсан оқиғасына 35 жыл толды. Кешеден бері Қазақстанның әр өңірінде сол күннің құрбандарын еске шаралары өтті.
1986 жылы 16 желтоқсанда Қазақ ССР компартиясы орталық комитеті пленумы шұғыл өткізіліп, ұзақ жылдар бірінші хатшы болып істеген Дінмұхаммед Қонаев қызметтен алынып, орнына Ресейдің Ульянов облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып істеген Геннадий Колбин тағайындалды. Алматыда бұл шешімге наразылық танытқан қазақ жастары 17-18 желтоқсанда Брежнев алаңына (қазіргі Республика алаңы) жиналды.
Совет үкіметі жастар наразылығын арнайы әскердің күшімен басып-жаншып, демонстранттарға суық су шашып, әскери келте күрекпен ұрып таратты. Бұл оқиға СССР құлар алдындағы одақ республикаларында басталған әлеуметтік толқудың алғашқы көріністерінің біріне айналды.
Қазақстанның жаңа тарихына Желтоқсан оқиғасы деген атаумен енген бұл наразылыққа қатысқаны үшін совет билігі көптеген адамды қуғын-сүргінге салды. 99 адам әртүрлі мерзімге сотталды, екі адам ату жазасына кесілді. Қазақстан тәуелсіздігін алған соң "Желтоқсан оқиғасына" қатысқандардың барлығы дерлік ақталды.
Your browser doesn’t support HTML5