Қазақстан билігі тіл тазалығы сақталғанын қалайды, елде орыс тіліне тыйым салынайын деп жатқан жоқ. Президент әкімшілігі жетекшісінің бірінші орынбасары Дәурен Абаев "Открытый диалог 2.0" бағдарламасына берген сұхбатында осылай деп мәлімдеді.
Желтоқсан басында Қазақстан парламенті жарнама тақталарының қазақ тілінде жазылуын қарастыратын заң жобасын мақұлдаған. Құжатқа ресейлік бірқатар депутаттар "алаңдаушылық білдіріп", "заң Қазақстандағы орыс тіліне қауіп төндіруі мүмкін" деп мәлімдеген.
Дәурен Абаев "Открытый диалог 2.0" бағдарламасына берген сұхбатында кейбір ресейлік БАҚ заң жобасы туралы ақпаратты біржақты, тіпті кей жағдайда бұрмалап бергенін айтты.
"Кейбір [ресейлік] басылымдар "Қазақстанда орыс тіліндегі жазулардан арылып жатыр" деп жазды. Құдды біз орыс тілін жарнамада қолдануға тыйым салатын заң қабылдап жатқан сияқты естілді. Ең жаманы – көп адам сол дұрыс емес тақырыпты ғана көреді де, әрі қарай жаңалықты оқымайды. Сол тақырыпқа қарап пікірін қалыптастырады. Шын мәнінде ешкім орыс тіліне тыйым салайын деп отырған жоқ. Біз тек қазақ тілін пайдалануды міндеттегіміз келеді. Жарнама екі немесе үш тілде бола берсін, мәселе жоқ" деді Абаев.
Ол Қазақстанда қазақ тіліндегі жарнамалардан қате көп кететінін айтып, сол кемшіліктерді жою мақсатында осындай құжат әзірленгенін жеткізді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Мәскеудің "орыстарды қорғауы", Нұр-Сұлтанның Кремльге "жалтақтауы""Қазіргі кезде орыс тіліндегі жарнамаларда мін жоқ. Ал өкінішке қарай қазақ тіліндегі жарнамаларда мәселе бар. Жағдайды түзеуге тиіспіз. Және оған мемлекеттік тілді қолдану сапасын бақылауды жетілдіру арқылы қол жеткіземіз. Мәселе дерусификация жөнінде болып отырған жоқ. Мемлекеттік тілді сапалы әрі дұрыс пайдалану үшін күресеміз. Оған құрметпен қарауға күш саламыз. Бары осы" деді Дәурен Абаев.
Парламент қабылдаған, президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа қол қоюға жіберілген көрнекі ақпарат туралы заң хабарландыру, жарнама, прейскурант, меню, белгі және өзге де көрнекі ақпараттарды мемлекеттік тілде жазу мәселесін қарастырады. Жарнамалар қажет жағдайда өзге тілдерге, оның ішінде орыс тілі де бар, аударылады. Бұған дейін Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов заң мемлекеттік тілді пайдалану ауқымын кеңейтеді және көрнекі ақпараттағы қателерді азайтуға септеседі деп мәлімдеген.
Бұл құжатқа желтоқсанның ортасында Ресейдегі мемлекеттік думаның екі мүшесі Александр Бородай және Константин Затулин "қарсылық білдірген".
Кейінгі айларда Ресейде Қазақстандағы ұлтаралық қатынастар және орыс халқының жағдайы туралы әртүрлі деңгейдегі талқылаулар күшейген. Олардың көбі негативті сипатқа ие.
Жазда ресейлік бірқатар басылымдар азаматтық белсенді Қуат Ахметовтың қазақ тілінде қызмет көрсетуді талап еткен видеосын "орыстарды жеккөрушілікке" теңеп, артынша Қазақстанда белсендінің үстінен "алауыздық тудыру" бойынша қылмыстық іс қозғалған. Кейін Ахметовтің елден кеткені белгілі болды. Сол кезде Дәурен Абаев белсенділердің тілге қатысты әрекетін "жабайы ұлтшылдық" деп атаған. Оның мәлімдемесі қоғамда қатаң сынға ұшырады.