22 желтоқсанда Павлодар қалалық №2 соты АП-162/3 түрмесінде қамауда отырған азаматтық белсенді Ербол Есхожиннің жазасының өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түріне ауыстыру туралы өтінішін қанағаттандырды. Сот шешімі ешкім наразылық келтірмесе, 15 күннен соң, 2022 жылы 6 қаңтарда күшіне енуі тиіс.
Істі судья Жұлдыз Төлегенова қарады. Павлодар соты басында Есхожиннің өтініші қаралатын отырысты ZOOM платформасы арқылы өтетінін мәлімдеп,ол жерде 40 шақты адам күтіп отырғанда сотты аяқ асты WhatsApp желісіне ауыстырып жіберді. Сотты толық бақылауға мүмкіндік ала алмағандардың ішінде Азаттық тілшісі де болды.
Соттың қалай өткені туралы Азаттыққа Есхожиннің адвокаты Мейіржан Досқараев айтып берді.
- Сот оның жазасын жеңілдету туралы өтінішін қанағаттандырды. Енді ол жазасының қалған 1 жыл 2 айын бас бостандығы шектеулі түрде өтейтін болады. Әрине, Есқожинге қатысты сотпен белгіленген шектеулер, яғни 5 жылға дейін қоғамдық шараларға қатыспау, әлеуметтік желілерде ештеңе жазбау тәрізді талаптар өзгермейді. Бұған қоса, оған 100 сағаттық мәжбүрлі еңбек те міндеттелген, ол да өзгерген жоқ, - деді Мейіржан Досқараев.
Ербол Есхожин жазасын жеңілдету туралы өтінішін 1 қарашада жазған. Оның жұбайы Эльвира Оразова полиция мен түрме қызметкерлері күйеуінің арызын тіркемей, сарсаңға салғаны туралы да шағымданған еді.
44 жастағы Ербол Есхожин Нұр-Сұлтанның Сарыарқа аудандық №2 сотының үкімімен биыл 3 тамызда екі жарым жылға түрмеге қамалған. Оған елде тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" ұйымының жұмысына араласты (Қылмыстық кодекстің 405-бабы – "Қызметіне тыйым салынған экстремистік ұйымның жұмысына қатысты және ұйымдастырды") деген айып тағылған еді. Бұдан бөлек, оған 5 жылға дейін бейбіт жиындарға қатысуға, әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салған. Белсендінің өзі тағылған айыппен келіспейді.
Бұған дейін әлеуметтік желіде "Ербол Есхожиннің Павлодар түрмесінде соққыға жығылғаны жөнінде" хабар тараған. Ресми орындар "белсендіге қысым жайлы ақпаратқа" әзірге жауап бермеді.
Қазақстандық құқық қорғаушылар Ербол Есхожинді "саяси тұтқындар" тізіміне енгізген. Оның үстінен бірнеше рет қылмыстық іс қозғалған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Назарбаевтың күшіктері" дегені үшін 212 мың теңге кесті. Ербол Есхожиннің үкіміҚазақстанда Қылмыстық кодекстің 405-бабымен айыпталған ("тыйым салынған ұйымның ісіне араласу") адам көп. Құқық қорғаушылар бұл баппен істі болғандар саны 300-ден асатынын айтады.
Олардың көбі "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) және "Көше партиясы" қозғалыстарына байланысты айыпталған. Қазақстан бұл екі қозғалысты да "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салынған. Ал Еуропарламент ҚДТ мен "Көше партиясын" "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған. Екі ұйымды "экстремистік" деп тапқан сот шешімдері жарияланбады.