Хакасияда түркі халықтарының өмірі жайлы фильм түсірген екі журналист ұсталды. Біреуі – Қазақстан азаматы

GZT басылымының тілшісі Назгүл Кенжетай, Қазақстан азаматы.

Түркияның мемлекеттік Anadolu агенттігі Ресейдің Хакасия аймағында 16 желтоқсанда GZT басылымының редакторлары Назгүл Кенжетай мен Эмин Карачак ұсталғанын хабарлады. Олар Ресейдегі түркі халықтарының өмірі жайлы деректі фильм түсірген. Кенжетай мен Карачакты экстремизммен күрес бөлімінің қызметкерлері ұстаған: журналистердің заттары кәмпескеленіп, түсірген барлық материалдары жойылған. Қазір екеуі Абакандағы уақытша қамау орнында отыр, жақын арада депортацияланады.

Кенжетайдың сөзіне қарағанда, оны Красноярск арқылы Қазақстанға, әріптесін Түркияға жібереді. Алайда екі тілшінің сөзіне қарағанда, билік олардың депортациясын кешіктіріп жатыр. Журналистердің айтуынша, Абакандағы камера іші суық, изоляторда жылы су жоқ, олар күніне екі рет қана таза ауаға шыға алады. Ал олардың телефондары үнемі бақылауда. Камерада сонымен бірге видеобақылау да жоқ.

Назгүл Кенжетай – Түркияда тұратын Қазақстан азаматы, Түрік университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Қазақстанда Таяу Шығыстағы қақтығыс орындарынан фоторепортаж топтамасын әзірлегені үшін "Қазақстанның жаңа жүз есімі" ұлттық жобасына енген. Ол Хакасияға барғанға дейін Эмин Карачакпен бірге Якутия, Бурятия және Алтайдағы түркі халықтарының өмірінен бірнеше бағдарлама түсірген.

"Сибирь.Реалии" сайтының жазуынша, 17 желтоқсанда Абакан қалалық соты Кенжетай мен Карачакты Ресейге кіру ережесін екі рет бұзды деп таныған. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, блогерлер ақпарат құралдарына видео түсіргенмен Хакасияда аккредитациясыз жұмыс істеген: сол үшін оларға 5 мың рубль көлемінде айыппұл салынған. Бұған дейін олар Якутияда да дәл осылайша айыпталып, айыппұл алған.

Түріктің мемлекеттік агенттігі Ресей ақпарат құралдары "Кенжетай мен Карачак тыңшылықпен айналысып, Ресейге қарсы үгіт-насихат жүргізді, түркі халықтары Ресейде нашар жағдайда өмір сүріп жатыр деп көрсеткісі келеді және исламды таратып жүр" деп негізсіз айыптап, ақпарат таратқан. Алайда Хакасиядағы түркілер "түрік журналистерінің қиын жағдайда қамауда отырғанын көріп, оларға тамақ пен су апарып жатыр" деп жазды.