Ресейдің Хакасия аймағында "аккредитациясыз жұмыс істеді' деп айыпталып, ұсталған Қазақстан азаматы Назгүл Кенжетайды Хакасия республикасының Жоғарғы соты қамаудан босатып, елден бақылаумен шығару жөнінде шешім шығарды. Бұл жөнінде 24 желтоқсанда Азаттық тілшісіне адвокат Айаз Тюндешев хабарлады.
"Сот Абакан қалалық сотының шешімін өзгертіп, Назгүл мен Эминді босатуды ұйғарды. Сот шешімі әзірге қолымызға тимеді. Енді олар тым болмағанда елден өз еркімен кете алады" деді адвокат.
Әзірге екі тілші қамаудан босатылмаған. Адвокаттың айтуынша, оларды бүгін, 24 желтоқсанда босатуы тиіс.
Стамбул университетінің магистранты, Қазақстан азаматы Назгүл Кенжетайдың түркі халықтары жайлы фильм түсіру үшін Ресейдің Хакасия аймағына барып, сол жақта ұсталғаны туралы ақпарат бір күн бұрын тараған. Онымен бірге түрік басылымының операторы Эмин Карачак та ұсталған.
Ресей жағы оларды журналист бола тұра аккредитациясыз жұмыс істеді деп айыптап, Абакан қалалық соты 17 желтоқсанда депортациялау туралы шешім шығарған еді. Сот шешімімен келіспеген тілшілер мен қорғау тарабы шешімді апелляцияға берген.
Бұған дейін Назгүл Кенжетай камерадағы нашар жағдайға шағымданған. Ал адвокаты полицияның оларды заңсыз ұстағанын айтқан. Осы аптада олармен Қазақстанның Ресейдегі консулдығы өкілдері де кездескен.
Туыстарының айтуынша, Стамбул университетінде магистратурада оқитын Назгүл Кенжетайдың дипломдық тақырыбы – құрып бара жатқан аз түркі халықтарының болмысымен байланысты болғандықтан ол түрік әріптесі Эминмен бірге бұған дейін Якутияға сапарлаған. Ақпаратқа қарағанда, ол жерде де екі тілші "Ресейге кіру ережесін бұзды" деп айыпталып, айыппұл алған.
Видео: Түркия сайтында жұмыс істейтін қазақстандық Ресейде ұсталды (23 желтоқсан 2021 жыл).
Your browser doesn’t support HTML5
Түрік ақпарат құралдарының жазуынша, екі тілшінің ұсталуына қатысты ақпарат таратқан кейбір Ресей басылымдары "Кенжетай мен Карачак тыңшылықпен айналысып, Ресейге қарсы үгіт-насихат жүргізді, түркі халықтары Ресейде нашар жағдайда өмір сүріп жатыр деп көрсеткісі келеді және исламды таратып жүр" деп оларды негізсіз айыптаған.