"Талибан": Әйелдер 72 шақырымнан асатын жолға жалғыз шықпауға тиіс

Тәліптер 72 шақырымнан астам жол жүретін әйелдерге ерлерсіз немесе жақын туысынсыз жалғыз сапарлауға тыйым салды. "Талибан" билігі такси және қоғамдық көлік жүргізушілеріне хиджабсыз жүрген әйелдерді мінгізбеуге және музыка қоспауға нұсқау берген.

Аты-жөнін айтпаған Кабул таксистерінің бірі қару ұстаған "Талибан" өкілдерінің нұсқау бергенін айтты. "Талибан" үкіметінің өкілі Мохаммед Садық Ақыф 26 желтоқсанда сондай нұсқау болғанын растады.

Қуғындағы ауған құқық қорғаушысы Харун Рахими тәліптер шешімін сынады.

Ауғанстанда тәліптер билікті басып алғаннан кейін құрамында бірде-бір әйел жоқ үкімет құрып, елді шариғат заңдарымен басқаратынын айтқан. Радикалды исламшыл топтар бұрынғы әкімшілік кезінде құрылған әйелдер ісі жөніндегі министрлікті жауып, әйелдер құқығын шектеген. Көптеген қыз-келіншектер білім алу құқығынан айырылған.

1996-2001 жылдары билікте болған кезеңде "Талибан" шариғаттың қатаң тәртіптерін орнатқан. Қазір олар адам құқығын сақтайтынын мәлімдесе де көптеген ауғандар сенбейтіні байқалады. "Талибан" қозғалысы Қазақстанда террор ұйым деп танылған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ауған әйелі Кабул қыздарына арналған жасырын мектеп ашты