Алматы қалалық сотының апелляциялық алқасы "тыйым салынған ұйымды қолдады" деп айыпталып, түрлі мерзімге сотталған 13 белсендіге шыққан үкімді өзгеріссіз қалдырды. Бұл жөнінде адвокат Ғалым Нұрпейісов хабарлады.
Қазан айында Алматы соты "тыйым салынған ұйымды құрды және оның ісіне араласты" деп айыпталған 13 белсендіге үкім оқыған еді. Судья 4 белсенді: Асхат Жексебаев, Ноян Рахымжанов, Қайрат Қылышев, Абай Бегімбетовті 5 жылға бас бостандығынан айырды, 9 белсендінің бас бостандығын 1 жылдан 2 жылға дейін шектеді. Сотталушылар тағылған айыпты мойындамай, үкіммен келіспеген еді.
"Сот біздің уәждерімізді ескермеді, енді халықаралық сотқа жүгінеміз" деді адвокат Ғалым Нұрпейісов 28 желтоқсанда түстен кейін Азаттық тілшісіне.
Сот шешімі небәрі бірнеше сағат ішінде шыққан.
Ғалым Нұрпейісовтің айтуынша, сот төмендегідей жайттарды ескермеген:
- "Көше партиясын" "экстремистік ұйым" деп тану туралы сот шешімі 2019 жылы 19 мамырда шығып, 23 маусымда күшіне енген. Ал 405-бап бойынша "экстремистік ұйым" деп тану туралы сот шешімі күшіне енген кезде жасалған қылмыс бойынша жауапқа тарту көзделген. Ал белсенділер негізінен 2019 жылдың ақпан, наурыз айларындағы әрекеті үшін жауапқа тартылып отыр. Яғни, ол кезде сот шешімі күшіне енбеген.
- Бұған дейін кей белсенділер "заңсыз митинг өткізгені үшін" әкімшілік қамауға алып, жазаға тартылған. Оларды екінші рет жауапқа тарту заңсыз дейді қорғау тарабы.
- 2019 жылы көктемде адвокат Ғалым Нұрпейісов Асхат Жексебаев, Қайрат Қылышев бастаған он шақты белсендінің сенімхаты негізінде Нұр-Сұлтан сотына "Көше партиясын" "экстремистік ұйым" деп тану туралы шешімді заңсыз деп тану туралы шағым түсірмек болған. Алайда сот маусым айында "Жексебаев, Қылышев және өзге белсенділердің "Көше партиясына" қатысы жоқ" деп ұйғарым шығарған. Ал қазіргі сот үкімі бойынша олар "Көше партиясын" қолдаушы. "Яғни, екі сот актісі бір-біріне қайшы, біз сол ұйғарымды жоюды сұрадық, бірақ сот ескермеді" дейді адвокат.
Сейсенбі күні 13 белсендінің үкімі қалалық сотта қайта қаралып жатқан кезде елуден астам адам қалалық сот ғимаратына келіп, оларға қолдау білдірді. Астанада да екі адам Жоғарғы сот алдында "саяси тұтқындарды" босатуды талап етті.
Апелляциялық сот отырысына іс бойынша ең қатаң жаза алған, қазір тергеу изоляторында отырған төрт белсенді қатыспады. Судья "отырысқа олардың қатысуы міндетті емес" деді. Бірақ адвокат Ғалым Нұрпейісов "бұл заңсыз, себебі Конституция бойынша әр адамның өзіне қатысы бар сотта сөйлеуге құқығы бар деп жазылған" дейді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Өзгеріс болуын қалау – қылмыс емес". Экстремизм деген не және билік оны қалай қолданады?Белсенділерге тағылған айып Қазақстан соты "экстремистік ұйым" деп таныған, бірақ Еуропарламент "оппозициялық ұйым" деп атаған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" және "Көше партиясы" қозғалыстарымен байланысты.
13 белсендінің барлығы дерлік – қоғамдық-саяси мәселелерге байланысты пікір-көзқарасын ашық айтып, акция-митингілерге қатысып жүрген адамдар.
Qaharman құқық қорғау қорының мәліметінше, белсенділер "бейбіт наразылыққа қатысқаны, оған шақырғаны, былтыр астанадағы тергеу абақтысында көз жұмған марқұм белсенді Дулат Ағаділдің асына қатысып, оның отбасына қолдау көрсеткені, Қазақстан билігін сынағаны, саяси тұтқындар мен олардың отбасына қолдау көрсетіп, адам құқығы мәселесін қозғап, саяси тұтқындарды босатуды талап еткені үшін" қуғындалып отыр.
Билік елде саяси қудалау барын жоққа шығарады.