Қытай Илон Масктың SpaceX компаниясын оның спутниктері орбитадағы қытай ғарыш станциясына қауіп төндірді деп айыптады.
БҰҰ Бас хатшысына жолданған нотада Қытай биыл маусым және қазан айларында болған екі оқиғаны сипаттаған. Сол кезде қытай ғарыш станциясы Starlink спутниктерімен соқтығысып қалмас үшін орын ауыстыруға мәжбүр болған. Қытай жағы бұл спутниктер станцияға жақын маңда жүйесіз қозғалды деп отыр.
1967 жылғы ғарыш туралы келісімге сәйкес, ғарыштағы мемлекеттік немесе жекеменшік компаниялардың әрекетіне аумағында орналасқан мемлекет жауапты. Пекин құжаттағы осы тәртіпті алға тартты.
Қазір орбитада шамамен 1800 Starlink спутнигі ұшып жүр. Олар жиырма шақты елге жылдам интернет таратады. АҚШ билігі Илон Маск компаниясына 12 мың спутник ұшыруға рұқсат берген. Миллиардердің айтуынша, SpaceX компаниясына Жердің кез келген нүктесіне интернет жеткізу үшін шамамен 30 мың спутник қажет.
SpaceX компаниясы Қытай уәжіне қатысты мәлімдеме таратпады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Falcon 9 зымыраны интернет тарататын 60 жасанды жер серігін ғарышқа шығарды