Әлем чемпионы атанған Бибісара Асаубаеваны президент Тоқаев құттықтады

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев шахматшы Бибісара Асаубаеваны блицтен әлем чемпионатындағы алтын жүлдесімен құттықтады.

Twitter-дегі парақшасында Тоқаев "Бибісара Асаубаеваны блиц бойынша өткен әлем чемпионатындағы жарқын жеңісімен құттықтаймын. Бұл керемет жетістік барша қазақстандық үшін, әсіресе шахмат әуесқойлары үшін Жаңа жыл қарсаңындағы жағымды жаңалық болды. Бибісараның табыстан табысқа жете беруіне тілектестік білдіремін!" деп жазды.

Польшада өткен рапид пен блицтен әлем чемпионатында 17 жастағы Бибісара Асаубаева блицтен алтын медальға, ал рапидтен күміс медальға ие болды.

Блиц пен рапид – шахматтың жылдам ойнайтын түрлері. Әдетте бір партияға рапидте 15-60 минут, ал блицте – 10 минутқа дейін уақыт беріледі. Ойыншылар жүрістерін таразылап отырмастан, жылдам шешім қабылдауы керек.

"Бибісара Асаубаева рапид пен блицтен 2021 жылғы чемпионат аясында өткен турнирде (FIDE World Rapid and Blitz 2021) жеңімпаз болды. Турнир бастала салысымен Бибісара қарсыластарынан озып кетіп, аяқталуға бір турнир қалғанда жеңіске жетті. Бұл – отандық спорт үшін тарихи оқиға, себебі біздің шахматшы – әлемнің шахмат тарихындағы ең жас чемпион" делінген Қазақстан шахмат федерасының хабарламасында.

Ересектер арасындағы шахматта Қазақстан өкілі алғаш рет әлем чемпионы атанды.

Рапид пен блицтен әлем чемпионатына әлемнің 50 елінен 200-ге жуық рейтингі жоғары спортшы қатысқан.

Бибісара Асаубаева – Қазақстандағы ең мықты шахматшылардың бірі. Бұдан бұрын ол 8, 10, 12 және 14 жасқа дейінгі қыз балалар арасында өткен дәстүрлі шахмат жарыстарында чемпион болған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

17 жастағы өзбекстандық бозбала жылдам шахматтан әлем чемпионы атанды