Коронавирус кесірінен 1 қаңтарда әлем бойынша мыңдаған әуе рейсі кестеде көрсетілген уақытында ұшпай, әуежайда бөгелуге мәжбүр болды. COVID-19 әуе компаниялары қызметкерлеріне де жұғып, мейрам күндері сапарға шығуды жоспарлаған жолаушыларға қызмет көрсетуге адам жетіспеген.
Flightaware.com сайты мәліметінше, 1 қаңтарда түс кезінде 4600-ден астам әуе рейсі (жартысынан астамы АҚШ-та) жолдан қалған.
Рождество мерекесі кезінде қызметкерлеріне "Омикрон" штамы жұғып, кібіртіктеп қалған әуе компанияларының жұмысын тағы да қырсық шалды.
Денсаулық сақтау саласы өкілдері ауру бұрын-соңды болмаған қарқынмен тез тарап жатқанын айтады.
Джон Хопкинс университетінің дерегінше, АҚШ-та өткен аптада бір күнде ауру жұқтырғандар көрсеткіші рекордқа жеткен.
31 желтоқсанда Францияда коронавирус жұқтырған 232200 адам анықталған. Елде үшінші күн қатарынан күн сайын 200 мыңнан астам адамнан вирус анықталып жатыр.
Ұлыбритания бір күнде 189 846 адамның вирус жұқтырғаны анықталған — бұл да рекордты көрсеткіш.
Жаңа жылдың басында Португалия мен Австралияда да COVID-19 көрсеткіші бұрын-соңды болмаған деңгейге жеткен.
"Омикрон" шынымен түгелдей жайлап алды" деді CNN телеарнасы сұхбат берген Браун универститетінің медицина профессоры.
Қазақстан билігі әзірге елде "Омикрон" жұқтырған науқас тіркелген жоқ дейді, бірақ штамм анықталған жағдайда қандай шара қолданылатынын хабарлаған. Атап айтқанда, "Омикрон" келсе, 5 қаңтардан бастап банктер, "Қазпошта", халыққа қызмет көрсету орталығы, спорт-сауықтыру, бассейн және басқа орындарға тек Ashyq қосымшасында жасыл түсті статусы бар адамдар ғана кіре алады. Ондай статус коронавирусқа қарсы вакцина алған, сонымен бірге ПТР тест тапсырып, оның қорытындысы теріс болып шыққан (олардың статусы бір апта ғана жарамды), коронавирус жұғып ауырып, жазылған адамдарға (дерттен жазылған соң алынған алғашқы ПТР тестіден кейін үш ай жарамды) беріледі.
Ресми мәлімет бойынша, өткен тәулікте Қазақстанда 457 адамнан коронавирус анықталған. Бұл 31 желтоқсандағы көрсеткіштен он адамға көп.