Ақтөбенің жүз шақты тұрғыны 3 қаңтар күні облыс әкімдігі жанына жиналып, Жаңаөзенде 2 қаңтарда басталған наразылыққа қолдау білдірді. Жиналған жұрт қымбатшылық қысып бара жатқанын айтып, биліктен сұйытылған газ бағасын арзандатуды талап етті.
– Ақтөбеден 200 километр жерде зауытымыз бар. Неге біз газды 85 теңгеден сатып аламыз?! Бұл – тым қымбат. Газдың бағасы елу бес теңге болсын! –дейді қала тұрғыны Руслан Ақпаров.
Наразыларды Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы мен қала әкімі Асхат Шахаров тыңдады. Ермек Кенжеханұлы "Ақтөбе – Республика бойынша сұйытылған газ бағасы салыстырмалы түрде арзан өңір. Бізде газ 75 теңгеден" деп жиналған жұртты сабырға шақырған еді. Бірақ шенеуніктің сөзіне құлақ асқандар болмады.
– Басшылар облыстағы ахуалды білмейтін болса, май құю станцияларына апарып көрсетуге болады. Жазда 50 теңге болған газ қазір 85 теңгеден. Шалғай аудандарда тоқсанға жетті. Бұдан әрі де қымбаттауы мүмкін. Газды арзандатсын! Сол үшін әрі жаңаөзендіктерді қолдау үшін жиналып тұрмыз, – деді өзін "Салют Берденовпін" деп таныстырған азамат.
Наразылардың сөзінше, жаңаөзендіктерді қолдау үшін Ақтөбе әкімдігі жанына келмек болған бірнеше адамды полиция көшеден ұстап әкеткен. Әкімдік жанында екі сағат тұрған наразылар ұсталғандарды босатуды да талап етті. Жергілікті полиция қызметінің басшысы Ардана Саймағамбетов Азаттыққа "полиция ешкімді ұстаған жоқ" деген. Сәлден кейін желіде полиция учаскесінде болып шыққан белсенділердің жазбалары жариялана бастады.
Белсенді Альмира Куватованың айтуынша, жай киім киген екі адам оны наразылар тұрған жерге жібермей, таксиден түскен бетте қоршап алған. Полиция шақыртып, учаскеге әкетпек болған. "Мен "формасыз адамдар ұрлап әкетпекші" деп айғайлап, жұрттан көмек сұрадым. Жаяу жүргіншілер араша түскен сәтті пайдаланып, әлгілерден сытылып кеттім", – дейді Альмира Қуатова.
Оның сөзінше, тағы екі белсендіні полиция көшеден ұстап әкетіп, учаскеде бірнеше сағат ұстаған.
Облыс әкімдігі маңында дүйсенбі күні күзет күшейтіліп, полиция көлігі көп болды. Одан бөлек, қар тазалайтын техниканың да күрт көбейгені байқалды.
Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров "Мәселені құзырлы орган басшыларымен бірге 6 қаңтар күні талқылайық. Жиынның өтетін орны мен уақыты қосымша хабарланады" деген соң ғана наразылар тарай бастады.
2 қаңтарда Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында газдың екі есе қымбаттауына наразы жұрт көшеге шыққан. Кейін Қазақстанның басқа аймақтарындағы белсенділер де бұған үн қосып, қолдау білдіретіндерін айтқан.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Әкімді халық сайлауы керек!" Жаңаөзенде саяси талап та айтылды. Билік газ арзандайтынын мәлімдеді