Елде билікке қарсы наразылық күшейіп жатқан тұста Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік телеарналар арқылы тағы да мәлімдеме жасап, астанадан кетпейтінін айтты.
Ол Қауіпсіздік кеңесі төрағалығын қолына алатынын да мәлімдеді. Бұған дейін Қауіпсіздік кеңесін елдің экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев басқарып келген еді.
Тоқаев "Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде енді қатаң шараларға көшетінін" жеткізді.
"Жақын уақытта Қазақстанның саяси трансформация бойынша ұсыныстарымды жариялаймын" деді ол.
Тоқаев мәлімдемесінде күштік құрылымдар мен әскерилерге алғыс айтып, олардың арасында қаза болғандар барын мәлімдеді. Қазақстан президенті қаза тапқандардың отбасына көңіл айтты.
"Біздің сүйікті қаламызда құқық қорғау қызметкерлеріне жаппай шабуыл жасалып жатыр. Олардың арасында қаза болғандар мен жараланғандар бар. Бандиттік топтар әскерилерді қорлап, жалаңаш жүргізген. Әйелдерге тиісіп, дүкендерді тонаған. Алматыдағы жағдай халықтың өміріне қауіп төндіреді. Шыдауға болмайды. Басқа да облыс орталықтарында жағдай ушықты. Сондықтан бірнеше аймақта төтенше жағдай енгізілді. Бұл - қажетті шара" деді Тоқаев.
Қазақстан басшысы наразылық кезінде нақты қанша адам қаза болғанын ашып айтпады. Тоқаев өз сөзінде наразылар арнайы топтардан ақша алған дегенді де меңзеді.
- 2 қаңтарда Жаңаөзенде халық сұйытылған газ бағасының 60 теңгеден 120 теңгеге көтерілгеніне қарсы шыққан. Кейін Жаңаөзендегі наразылықты елдің басқа аймақтары да қолдады. Үкімет Маңғыстау облысында газ бағасы елу теңге болады деп шешім шығарса да, наразылық басылар емес.
- Халық елдегі қымбатшылықты айтып, биліктің отставкасын талап етеді және 1993 жылғы Конституцияны қайтаруды талап қылады.
- 5 қаңтар түнде Алматыда мыңдаған адам Республика алаңына жиналып, қымбатшылыққа қарсы наразылық білдірді. Полиция оларға қарсы көзден жас ағызатын газ, резеңке оқ, шулы граната қолданды. Елдің басқа аймақтарында да түнде наразылық жалғасты.
- 5 қаңтар түске таман Тоқаев үкімет отставкасын қабыддады. Қазір елде наразылық әлі жалғасып жатыр. Алматыда наразылар әкімдіктің ғимаратына басып кіріп, бір бөлігі өртенді. Ақтау, Шымкент, Ақтөбе, Өскемен, Семей, Оралда да наразылық жалғасып жатыр. Елде интернет толық өшірілген.