Ақтөбеде екінші күн қатарынан жұрт наразылығы жалғасып жатыр. Наразылар облыс әкімдігіне басып кірмек болды. Күштік құрылымдар оларға қарсы көзден жас ағызатын газ бен шулы граната қолданды.
Азаттық радиосы тілшісінің хабарлауынша, наразылар газ бағасын түсіруді, облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің шығуын талап етіп тұр. Жұрт "шал, кет" деген де талап айтты.
Ақтөбе облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаевтың сөзінше, алаңнан он адамды жедел жәрдем әкеткен. Жараланғандардың арасында он адам - полицей, оның үшеуі ауруханада жатыр. Ал наразылардың бірі басынан ауыр жараланып, жансақтау бөліміне түскен. Исаев оның жағдайын ауыр деп бағалады.
Бұдан бөлек, бірнеше наразы тұрғын резеңке оқ тигенін де айтты.
Наразыларға облыс әкімі келмеді. Қала әкімі Асхат Шахаров наразыларды сабырға шақырғанымен, жұрт оның сөзіне құлақ аспады.
Наразылар 5 қаңтар кеште де тарамады. Олар алаң ортасына от жағып жылынып тұр.
- 2 қаңтарда Жаңаөзенде халық сұйытылған газ бағасының 60 теңгеден 120 теңгеге көтерілгеніне қарсы шыққан. Кейін Жаңаөзендегі наразылықты елдің басқа аймақтары да қолдады. Үкімет Маңғыстау облысында газ бағасы елу теңге болады деп шешім шығарса да, наразылық басылар емес.
- Халық елдегі қымбатшылықты айтып, биліктің отставкасын талап етеді және 1993 жылғы Конституцияны қайтаруды талап қылады.
- 5 қаңтар түнде Алматыда мыңдаған адам Республика алаңына жиналып, қымбатшылыққа қарсы наразылық білдірді. Полиция оларға қарсы көзден жас ағызатын газ, резеңке оқ, шулы граната қолданды. Елдің басқа аймақтарында да түнде наразылық жалғасты.
- 5 қаңтар түске таман президент Тоқаев үкімет отставкасын қабылдады. Қазір елде наразылық әлі жалғасып жатыр. Алматыда наразылар әкімдіктің ғимаратына басып кіріп, бір бөлігі өртенді. Ақтау, Шымкент, Ақтөбе, Өскемен, Семей, Оралда да наразылық жалғасып жатыр. Елде интернет толық өшірілген.
- Тоқаев астанадан кетпейтінін, Қауіпсіздік кеңесінің төрағалығын қолына алатынын мәлімдеді. Бұған дейін бұл кеңесті елдің экс-президенті Назарбаев басқарып келген еді.