ҰҚШҰ әскерінің Қазақстанға келуінің салдары не болмақ?

Ресейлік әскерилердің Қазақстанға аттанған сәті. 6 қаңтар 2022 жыл.

Қазақстанның көптеген аймағында билікке қарсы наразылықта полиция адамдарға аса қатты қарсылып көрсетпеді, кейбір жерлерде полицейлердің наразыларға қосылғаны да айтылған еді. Осы тұста Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елде "шетте жаттығудан өткен террористік топтар" кезіп жүр деді. Осыны алға тартқан Тоқаев елде Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымынан (ҰҚШҰ) көмек сұрап, әскер шақырды. Ал ҰҚШҰ өз тарихында алғаш рет әскер жіберуге келісті.

Жыл басында мұнайлы Жаңаөзен қаласының жұрты сұйытылған газ бағасы қымбаттағанына қарсы наразылыққа шықты. 5 қаңтарға таман елдің басқа қалаларында да халық орталық алаңға шығып, Қазақстанның авторитарлы билігінің ішкі саясатына қарсылық білдірді.

Қазақстан президенті Тоқаев наразылықтың ауқымы кеңейіп бара жатқанына алаңдап, тез арада газ бағасын түсіруді тапсырды, елдегі экономикалық мәселелерді шешу үшін арнайы комиссия құрды және үкіметті отставкаға жіберді.

Бірақ бұған қарамастан наразылық жалғаса берді. Осы тұста Тоқаев риторикасын өзгертіп, шабуылды "шетелде дайындықтан өткен террористік бандалар жасады" және "олардың Қазақстанға шабуылын агрессия актісі" деп мәлімдеді.

Тоқаев құрамына Ресей, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан кіретін ҰҚШҰ-дан көмек сұрады. Бұл ұйым 1992 жылы Мәскеудің бастамасымен құрылған. ҰҚШҰ бұған дейін басқа елге әскер жібермеген еді. Бірақ бұл жолы ҰҚШҰ Тоқаевтың өтінішін жерге қалдырмады. 6 қаңтарда ресейлік әскерилер Қазақстанға жетті. Басқа елдердің де әскерилері кейін келді.

ҰҚШҰ бұған дейін 2005, 2010, 2020 жылдары Қырғызстанда революция болғанда, 2010 жылы Қырғызстанның оңтүстігіндегі ұлтаралық қақтығысқа, 2020 жылы күзде Таулы Қарабақта Армения мен Әзербайжан арасындағы қақтығысқа араласпаған. 2021 жылы сәуірде Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасындағы қақтығысқа да әскер жібермеді. Бұл уақытта ҰҚШҰ әскери өкілдері Душанбеде кездесіп жатқан еді.

Арнайы жасақ баррикадасы, өртенген әкімдік. Елдегі наразылықтан фотолар


ҰҚШҰ жарғысының 7-бабында "ұйымға мүше елдің қауіпсіздігіне, тұрақтылығына, аумақтық тұтастығы мен тәуелсіздігіне қауіп төнгенде әскер жіберуге құқылы" деп жазылған.

Қазақстан мен Ресейдің шекарасы 7 мың шақырымды құрайды және Тоқаевтың "халықаралық террористік бандалар" деген мәлімдемесі ҰҚШҰ әскерін кіргізуге жеткілікті негіз болған сыңайлы. Бәлкім бұл қадам Тоқаевтың билігін сақтап қалуға көмектесер, бірақ Қазақстанға шетелдік әскердің кіргеніне көптеген қазақ қарсы. Бұған қоса, шетелдік әскерді Қазақстанға шақыру – Тоқаевтың репутациясына үлкен дақ.

Тоқаевтың ҰҚШҰ-дан көмек сұрауы сыртта да көп сыналды. АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі болған Уильям Кортни твиттерде "Қазақстан халқы коррупция жайлаған тиранияға қарсы көтеріліс болып жатқанын, мұның шетелдік террористік банда тарапынан агрессия емес екенін түсінеді" деп жазды.

Ол "ресейлік әскерилердің елге кіргеніне қазақстандықтар қаламайды, себебі олар тәуелсіздігін қадір тұтады. Әскердің келгені екі ел арасында отыз жылдан бері қалыптасқан достыққа сызат түсіруі мүкін" деп санайды.

Гарвард университетіндегі Дэвис орталығында (Ресейлік және еуразиялық зерттеу орталығы) жұмыс істейтін қазақ Наргиза Қасенова ҰҚШҰ-дан көмек сұрау "Тоқаевтың легитимдігін сақтауға мүмкіндігін құртатын нашар шешім" деп жазды.

Ал ресейлік RT телеарнасының басшысы Маргарита Симоньян твиттерде "Әрине, міндетті түрде көмектесу керек. Бірақ бірнеше шарт қою қажет. Қырымды мойындасын, кириллицаны қайтарсын, орыс тілін Қырғызстандағыдай екінші мемлекеттік тіл деп жарияласын" деп жазды.

Ал Қырғызстанда ҰҚШҰ аясында Қазақстанға әскер жіберу үлкен дауға түрткі болды. Парламент алдында солдаттарды Қазақстанға жібермеуді талап еткен наразылық та болды. Бірақ 7 қаңтарда парламент Қазақстанға әскер жіберуге шешім қабылдады.

Саясаттанушы Аида Алымбаев Тоқаевтың бастамасы "Орталық Азияның авторитарлы лидерлеріне прецедент болмады" деп санайды.

Ресей Қазақстанға 2500 әскери, Беларусь – 500, Тәжікстан – 200, Армения – 70, Қырғызстанстан – 150 солдат жіберді.

Қазақстан және Ресей билігі ҰҚШҰ әскерилері стратегиялық нысандарды қорғайтынын, "антитеррористік операцияға" қатыспайтынын хабарлады. Ал қазақстандықтардың көбі елге шетел әскерін кіргізуді тәуелсіздіктен айырылу және Тоқаевтың әлсіздігі деп бағалады. Жұрт алда Кремль бұл "көмегі" үшін ақы сұрауы мүмкін деп қауіптенеді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тоқаев ескертусіз оқ атуға бұйрық берді. Елдегі 7 қаңтардағы ахуалМәсімов ұсталды. Ақтау мен Жаңаөзенде наразылардың көбі тарады. 8 қаңтарда не болды?Елде 5-7 қаңтар арасында не болды? Оқиғалардың толық хроникасы