Ресей және оның Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы бойынша одақтастарының әскері Алматы мен маңындағы барлық "стратегиялық нысандарды" бақылауға алды. Бұл жөнінде ҰҚШҰ-ның Қазақстандағы контингентіне жетекшілік ететін генерал-полковник Андрей Сердюков хабарлады.
Ресей генералының сөзіне қарағанда, әскер Қазақстанда "жағдай толық тұрақталғанға дейін" қалады. Елге нақты қанша әскери қызметкердің келгені жөнінде мәлімет жоқ, бірақ оның саны бірнеше мыңға барып жығылады. Басым бөлігі Ресейден келген.
Қаңтар басында Қазақстанның бірқатар қалаларындағы жаппай тәртіпсіздікке байланысты одақтастарынан елге әскер кіргізуді сұраған президент Қасым-Жомарт Тоқаев әскер елде қысқа уақыт болады деп айтқан еді. Қазақстан билігінің айтуынша, қазір жағдай тұрақталып келе жатыр. Жексенбі, 9 қаңтарда елде атыс болған жоқ. Бейбіт акциялар да өткен жоқ.
Қазақстан билігі жексенбі күні елде тәртіпсіздік кезінде 164 адам қаза болды деп мәлімдеген. Кейін мұны жоққа шығарды. Денсаулық сақтау министрлігі бұл деректі қателесіп таратқанын айтты. Осылайша тәртіпсіздіктен қанша адамның зардап шеккені әзірге белгісіз.
Бұған дейін 16 полицейден бөлек, 26 адамның (билік оларды "террорист" деп атаған) қаза болғаны хабарланған. Куәгерлердің айтуынша, күштік құрылым өкілдері қаруы жоқ адамдарға да оқ атқан. Осыған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев полиция мен әскердің ескертусіз оқ атуына құқығы бар деп айтқан. Бұл бұйрықты халықаралық құқық қорғау ұйымдары сынға алды.
10 қаңтар Қазақстанда қаралы күн жарияланды.
- Бейбіт шерудің тәртіпсіздікке қалай ұласып кеткені, қару-жараққа кімнің ие болғаны және полицейлермен кімнің атысқаны әзірге белгісіз. Қазақстан билігі Алматыда "шетелде әскери дайындықтан өткен 20 мың террорист шабуыл жасады" деп мәлімдеді. Тоқаев соған орай Ресей мен ҰҚШҰ бойынша одақтастарынан көмек сұраған.
- Тәуелсіз журналистер мен жергілікті тұрғындардың айтуынша, Алматыда әлі де ара-тұра атыстың дыбысы естіледі, алайда билік жағдайды толық бақылауға алған. Қазір наразылық акциялары тоқтаған.