Украинаның бұрынғы президенті Пётр Порошенко Украинаға ұшып келді. 17 қаңтарда оппозициялық саясаткер отырған ұшақ Варшавадан Киевтің Жуляны әуежайына қонды.
Кедендік бақылау қызметі Порошенконың паспорты алып еді, көпшіліктің наразылығынан кейін қайтаруға мәжбүр болып, саясаткерді және онымен бірге келгендерді шекарадан өткізді.
Әуежайда бұрынғы президентті жүздеген жақтасы күтіп алды.
Порошенко былтыр желтоқсанда «мемлекетке сатқындық жасады» және «терроризмге көмектесті» деген күдікке ілінген.
Бүгін, 17 қаңтарда Киевтың Печерский аудандық соты Порошенконы қамауға алу-алмау жағын қарайды. Прокуратура оны 1 млрд гривен (шамамен 36 мың доллар) кепілмен қамауға алуды талап етеді. Үйқамақта да болуы мүмкін. Алайда Порошенконың өзі бұған дейін қамалмайтынына сенімді екенін айтқан.
Тергеу нұсқасына сай, Порошенко президент болып тұрған тұста, 2014 жылы ресейшіл сепаратистердің бақылауындағы Донбасс аймағынан көмір алу бойынша келісім жасасқан. Тергеу экс-президентті "сатқындық" және "терроризмді қаржыландыру" айыбы тағылған.
Қылмыстық іс қозғалғаннан кейін Порошенко елден кетіп қалған еді. Алайда оның қызметтік іссапарда екені, кейін қайтып келетіні айтылды.
Елдегі ең ірі "Европейская солидарность" оппозициялық партиясын басқаратын Порошенко өзіне тағылған айыптарды мойындамайды.