Еуроодақ Навальныйды дереу босатуға шақырды

Алексей Навальный.

Ресейлік оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдың түрмеде отырғанына бір жыл толғанда Еуроодақ Мәскеуге мәлімдеме жасап, Навальныйды дереу босатуға шақырды.

Еуроодақ "Навальныйды сотпен қудалау мен үкімнің саяси астары барын ашық айтамыз" деген мәлімдемесінде. Бұдан бөлек, ЕО Мәскеуді саясаткерді "Новичок" тобына жататын умен улау қылмысын тексеруге үндеді.

ЕО сонымен бірге Навальный штабының Уфа қаласындағы бұрынғы жетекшісі Лилия Чанышеваны босатуға шақырды.

Дүйсенбі, 17 қаңтарда жыл соңына дейін Ресей сотына Алексей Навальныйға қатысты тағы бір қылмыстық іс түсетіні белгілі болды. Жаңа істе Навальныйға қаржылық алаяқтық және билік өкілін қорлау бойынша айып тағылған. Екеуін қосқанда Навальный 15 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Былтыр 17 қаңтарда Алексей Навальный емделгеннен кейін Германиядан Мәскеуге оралған. Келе сала саясаткер бірден қамауға алынды, артынша 2014 жылғы қылмыстық іс бойынша түрмеге жабылды. Еуропа соты аталған істің заңсыз екенін айтқан.

Навальный бір жыл түрмеде отырған кезде билік оппозиционермен байланысты-дерлік саяси құрылымдардың бәрін жапты. Саясаткердің штабы мен Жемқорлықпен күрес қоры Ресейде "экстремистік ұйым" деп танылып, қызметіне тыйым салынды. Қазір ұйымның ондаған мүшесі шетелде немесе қамауда отыр. Навальныйдың үстінен тағы бірнеше қылмыстық іс қозғалған.

АҚШ пен Ұлыбритания және ЕО оппозициялық саясаткердің қудалануына байланысты Ресейге ауыр санкция саламыз деп мәлімдеген. Алайда ақыры бірнеше жеке тұлға мен "Навальныйға у беруге қатысы бар" жекелеген тұлғаларға ғана санкциямен шектелді.

The Insider, Bellingcat және CNN тілшілерінен құралған зерттеу тобы Навальныйды ФСБ-ға қарайтын криминалистика институтының сегіз қызметкері улаған болуы мүмкін деген қорытындыға келген. Навальныйдың өзі мен жақтастары оқиғаға Кремльді кінәлаған. Мәскеу мұны жоққа шығарған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Путин Навальныйдың уланғанына "дәлел жоқ" дейді, "шетел агенті" заңын "әлдеқайда либералды" санайдыНавальныйдың қызы Еуроодақты "диктаторға төтеп беруге" шақырдыНавальный колониядағы қысым жөнінде: Басқа тұтқындарға қарағанда маған жеңілдеуБостандыққа шыққандар Навальныйға колонияда қысым жасалғанын айтты