Журналист Махамбет Әбжан табылды. Тілші қылмыстық іс бойынша куәгер атанған

Белсенді Махамбет Әбжан сот ғимаратында тұр. Нұр-Сұлтан, 6 наурыз 2020 жыл.

Қаңтар оқиғасы кезінде наразылықтардан хабар таратып, із-түзсіз жоғалған журналист Махамбет Әбжан табылды. 20 қаңтарда журналист Азаттық тілшісіне екі апта бойы басқа қалада жасырынып жүргенін, қазір аман-есен, бостандықта екенін айтты.

Оның сөзіне қарағанда, полиция қылмыстық іс ашып, оны "қорғануға құқығы бар куәгер" ретінде тартқан. Іс бойынша ақпарат бермеу туралы да қолхат берген, сол себепті істің жай-жапсарын толық айта алмайтынын жеткізді.

Қазақстандағы наразылықтардан белсене ақпарат таратқан және шенеуніктерге өткір сұрақтар қойып жүрген тәуелсіз журналист Махамбет Әбжан 6 қаңтарға қараған түні үйіне полиция келіп тұрғанын хабарлаған. Әйелінің айтуынша, кейін тілші үйінен шығып кеткен, сол күйі оралмаған еді.

12 қаңтарда астана полициясы журналисті ұстамағанын хабарлаған. Осы аптада Ішкі істер министрлігі журналиске қатысты ешқандай қылмыстық іс қозғамағанын мәлімдеген.

Махамбет Әбжанның өзінің хабарлауынша, ол 19 қаңтарда өзі полицияға барып, мән-жайды білген. Полициядағылар сол кезде қылмыстық іс ашылғанын хабарлап, соған қатысты тілшіні іздегенін айтқан.

Бұған дейін журналистің жоғалуына халықаралық ұйымдар алаңдаушылық білдірген еді.

Қазақстанда журналистер жиі қысымға ұшырап, кәсіби қызметін атқару кезінде кедергіге ұшырайды. Қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстанның бірнеше өңірінде полиция ақпарат құралдарын шақырып, тергеген.

“Шекарасыз тілшілер" ұйымының Дүниежүзілік сөз бостандығы рейтингінде Қазақстан 180 елдің арасында 155-орында тұр және "сөз бостандығы ахуалы қиын" елдер қатарында.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ақтөбеде полиция Азаттық тілшісін үш сағат жауап алды. Одан наразылық және ҚДТ туралы сұраған