21 қаңтарда Атырау облысы Мақат ауданындағы «Интергаз Орталық Азия» компаниясының мердігері «БатысСервисПлюс» мекемесінің өрт сөндірушілері жұмысты тоқтатып, жалақыны өсіруді талап етті. Бұл жөнінде Азаттыққа осы мекеменің өрт сөндірушісі Сәлімбай Жұбанғалиев мәлімдеді. Оның айтуынша, наразы өрт сөндірушілер жұма күні Мақаттан екі шақырым жерде орналасқан өрт сөндіруші машиналар тұратын ғимарат алдында жиналған.
– Біз бүгін жұмысты толық тоқтаттық. Жалақымыз 2012 жылдан бері өзгерген жоқ. Қолымызға 60-65 мың теңге аламыз. Онымен күн көру мүмкін емес. Біз жаңа машина талап етіп тұрғамыз жоқ, арнайы киім де сұрап жатқамыз жоқ. Жұмыс жағдайын жақсарт та демедік. Тек жалақымызды 120 мың теңгеге көбейтуін талап етеміз. Күн сайын аса қауіпті газ линиясы мен түрлі қауіпті жағдайларға бас тігіп 60 мың теңге үшін жүгіреміз. Ал басшылар өрт болса» бар сөндіріңдер» деп сырттан қарап отырады, -деді ол.
Сәлімбай Жұбанғалиев - 20 жыл еңбек өтілі бар өрт сөндіруші. Оның сөзінше, 20 қаңтар күні наразылық білдірген өрт сөндірушілерге «БатысСервисПлюс» басшылығы келіп, мөрі жоқ келісім-шарт ұсынған. «Ол келісім-шартта ақшаны он пайызға көтереді» деп қолмен жазыпты, онымен келіспедік» дейді ол.
Бұған қоса өрт сөндірушілер арнайы видео жасап Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдады. Онда президенттен жалақыны көтеруді айтып, аса қауіпті салада еңбек етіп жүргендерін, еңбек демалысы жалақысын, түнгі мезгіл мен мерекелік төлемдер алып көрмегенін айтты.
«БатысСервисПлюс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Нұржан Аймағамбетов Азаттыққа өрт сөндірушілер наразылығын растап, шешуге тырысып жатқанын айтты.
– Қазір ештеңе айта алмаймын. Оларға жалақыны он пайызға көтеруді ұсындық, келіспей тұр. Шешуге тырысып жатырмыз. Бірақ олар сұраған 120 теңгеге көтерсек, біз шығынға батамыз, - деді ол.
«БатысСервисПлюс» мекемесінің Атырау қаласы, Құлсары қаласы, Индер, Құрманғазы, Исатай аудандарында да өрт сөндіру бөлімшелері жұмыс істейді. Әр бөлімшеде 17 адам еңбек етеді. Бір ауысымға жүргізуші басшы және екі өрт сөндірушіден тұратын топ шығады.
«Интергаз Орталық Азия» акционерлік қоғамы 1997 жылы шілде айында құрылған. Ол «ҚазТрансГаз» компаниясы газ және газбен жабдықтау саласындағы ұлттық операторының құрамындағы мекеме.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Ереуіл жайлаған Қазақстан "Жалақыны 12,5 пайызға көбейтеміз деді, келіспедік". "Аралтұз" жұмысшылары бесінші күн ереуілде тұр"Қымбатшылық қатты әсер етті". Шымкентте теміржолшылар наразылыққа шығып, жұмыс тоқтатты