Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласындағы "Өзенмұнайгаз" акционерлік қоғамы бұрғылау басқармасының жұмысшылары Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан қаңтардағы бейбіт шеруден кейін Алматы мен Қазақстанның өзге қалаларында қамауға алынған азаматтарды ұрып-соғуды дереу доғаруды талап етті. Олар билікті талабы орындалмаған жағдайда бейбіт митингіге шығатынын ескертті деп хабарлайды ҚазТАГ агенттігі.
"Президент Тоқаев! Алматы, Ақтөбе, Қызылорда мен Шымкентте жасалып жатқан озбырлықты доғаруды талап етеміз! Біз, бұрғылау жұмыстары басқармасының жұмысшылары бүгін сізге үлкен ескерту жасаймыз! Біз бассыздыққа, ұрып-соғуға, қанқұйлы полицияның іс-әрекетіне қарсымыз! Сондықтан, егер бұл тоқтатылмаса, біз тағы да митингіге шығатынымызды ескертеміз!" деп мәлімдеген жұмысшылар жексенбі, 23 қаңтарда жарияланған видеоүндеуінде.
Жаңаөзендіктер бұған дейін де бірнеше рет билікке үндеу жасап, жазықсыз азаматтарды қудалау, жөн-жосықсыз тұтқындау мен азаптауды доғаруды талап еткен.
22 қаңтарда Жаңаөзеннің бір топ тұрғыны қала әкімдігіне барып, биліктен қаңтардағы бейбіт шеруден кейін Қазақстанның бірқатар қалаларында қамауға алынғандарды қудалауды тоқтатуды талап еткен. Содан бір күн бұрын дәл сондай талаппен президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа видеоүндеу жолдаған "Кезби" мекемесі жұмысшылары қолына "Халық экстремист емес!", "Репрессия тоқтатылуын талап етеміз!", "Қудалау тоқтатылсын!", "Заңсыздыққа жол жоқ!" деген плакаттар алып шықты. Акция он бес минуттай уақытқа созылды. Кейін олардың кейбірін полицияға шақыртқан.
Жаңаөзенде қаңтардағы бейбіт митингіге қатысқан азаматтарды қудаламауды, азаптамауды талап еткен видео челлендж легі 20 қаңтардан бері әлеуметтік желіде тарап жатыр.
2 қаңтарда Жаңаөзен халқы екі есе қымбаттаған сұйылтылған газды арзандатуды талап етіп митингіге шықты. Іле-шала оларды қолдаған қарсылық акциялары бүкіл Қазақстанды қамтыған еді. 5 қаңтардан бастап билік "деструктивтік күшерді" желеу етіп, халыққа қарсы қару қолдана бастады.
Ресми мәлімет бойынша, қаңтар оқиғасы кезінде кемі 225 адам мерт болған, оның 19-ы – күш құрылымдары өкілдері. Билік қаза тапқандардың бір бөлігі "қарулы бандиттер" мен "террористер" деп мәлімдеді. Үкімет қанша бейбіт адам қаза болғанын айтпады.
Жергілікті және халықаралық құқық қорғаушылар билікті бейбіт шеруге қатысқан, пікірін айту құқығын жүзеге асырғысы келген азаматтарды қудаламауға, оларды дереу босатуға шақырған.
22 қаңтарда Қазақстан бас прокуратурасы қаңтар оқиғасына байланысты 819 қылмыстық іс қозғалып, 970 күдікті қамауға алынғанын хабарлады. Сол күні күш құрылымдары өкілдерімен жиын өткізген президент Тоқаев қаңтар оқиғасында қаза болған әрбір адамның өлімін мұқият зерттеу қажеттігін айтты.
Халықаралық ұйымдар Қазақстан билігінің халыққа күш қолдануын айыпады. Еуропарламент Қазақстанда қаңтарда болған оқиғалар жөнінде қабылдаған қарарында бейбіт наразылықтан кейін өрбіген жаппай зомбылықты айыптап, ресми Нұр-Сұлтанды "терроризм" айыбын оңды-солды тақпауға үндеген. 27 тармақтан тұратын құжатта Қазақстан билігін азаматтар мен қоғамдық ұйымдарды саяси себеппен қудамалауға, адамдардың бейбіт жиналуына кедергі келтірмеуге, жөн-жосықсыз ұстау мен азаптауды доғаруға шақырған.
Бұған қоса Еуропарламент депутаттары "2022 жылғы қаңтардағы наразылықтар кезінде адам құқығын өрескел бұзуға жауапты Қазақстанның жоғары лауазымды тұлғаларына жеке санкция салынуы" мүмкін екенін де ескерткен.
Қазақстан сыртқы істер министрлігі "біржақты сипаттағы" және "объективті емес тұжырымдарға негізделген" құжат деп атады.