Ақтөбеде қаңтардың басындағы наразылықтан соң "жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырушылардың бірі" ретінде қамалған белсенді 56 жастағы Жанна Есмұрзаева уақытша изоляторға түскеннен соң коронавирус жұқтырғаны белгілі болған. Бірақ сот оны қамаудан босатып, үйқамаққа жібермеген.
Есмұрзаеваның адвокаты Рамазан Қалбаев тергеу сотының 11 қаңтар күнгі қамауға алу туралы қаулысынан соң апелляциялық алқаға шағымданғанын айтады. Бірақ апелляциялық алқа кәмілетке толмаған екі баласы бар Жанна Есмұрзаеваны үйқамаққа жіберу туралы адвокат шағымын қанағаттандырмаған.
Есмұрзаеваның інісі Ақылжан Қуантаев "Сот әпкемнің коронавирус жұқтырып, қатты ауырғанын да, кәмілетке толмаған екі баласы барын да ескермеді. Үйқамаққа жібермей отыр" дейді.
- Коронавирус жұқтырған әпкемді тергеу екі аптадай уақытша изолятордың оқшау камерасында ұстады. Ол жерде науқас адам тұрмақ, сау адамның да жағдайы болмасы анық. Дәрі-дәрмекті айтпағанның өзінде төсек-орын да тапшы әрі камералар салқын. Жанна үйден жылы жамылғы сұратты. Ол – екі баланы бір өзі бағып отырған жалғызбасты әйел. Әпкемнің үлкені – 16 жаста, кішісі - 6 жаста. Екі бала қазір туыстардың үйінде. Тұрақты жұмыс орны, баспанасы бар адам. Оны үйқамаққа жіберуге не кедергі болғанын түсінбедім, -дейді інісі.
Тергеу құжатында Жанна Есмұрзаева жаппай тәртіпсіздіктің белсенді ұйымдастырушыларының бірі ретінде сипатталады. Тергеу ол наразылық акциясына қатысушыларды тамақтандыру үшін банк картасына жұрттан қаржы жинап, алаңдағыларды азық-түлікпен қаматамасыз етті деп айыптайды.
Жанна Есмұрзаеваның інісі әрі қоғамдық қорғаушысы Ақылжан Қуантаев әпкесіне тағылған айыппен келіспейді. Қуантаевтың пікірінше, әпкесі билікке талап айтып, бейбіт митингіге шыққан жүздеген ақтөбеліктің бірі ғана.
- Ақтөбедегі наразылық 3 қаңтар күні басталды. Жанна ұйымдастырушылардың бірі болса, алаңға сол күні келген болар еді. Ол наразыларға 4 қаңтарда қосылған. Мәселе оның қай күні қосылғанында да емес. Билік оны белсенді азаматтық позициясы үшін қудалап отыр, - дейді Қуантаев.
Нотариус қызметкері Жанна Есмұрзаева – Ақтөбеде өтетін наразылық акцияларының тұрақты қатысушыларының бірі. Митингілер кезінде ұсталған Есмұрзаеваға бірнеше рет әкімшілік жаза кесілген.
Ақтөбедегі наразылық акциясынан соң үстінен қылмыстық іс қозғалып, қамауға алынған 16 адамның арасындағы жалғыз әйел де осы Жанна Есмұрзаева.
Ақтөбе полициясының мәліметінше, қаңтардың басындағы наразылық акциясынан соң облыста 14 қылмыстық іс қозғалған. 16 адам тергеу изоляторына қамалған, үш адам үй қамаққа алынған.