26 қаңтарда Ақтауда жалақыны көтеруді талап еткен наразы жедел жәрдем жүргізушілері тағы жиналды. Түнге дейін созылған жиналыстан соң басшылық жалақыға 23 пайыз үстемақы қосуға уәде берген. Наразылықты тоқтатқан жүргізушілер "мәселенің анық-қанығы ақпан айында жалақы алғанда белгілі болады" дейді.
Маңғыстау облысы бойынша медициналық сақтандыру қоры филиалының бастығы Руслан Бектубаевтың айтуынша, Маңғыстау облыстық жедел жәрдем стансасында қаржы жеткілікті, өйткені сақтандыру қоры қажетті қаражатты уақытылы аударып келеді.
– Біз Маңғыстау облыстық жедел жәрдем стансасы бюджетінің 20%, яғни 500 миллион теңге аванс ақшаны алдын ала қаңтар айының басында аудардық. Ендеше мекеменің ұжымының жалақысын көтеруге, оған қажетті жабдықтар, жанар-жағар май алу тәрізді сұраныстарына қаржысы жеткілікті. Мәселе, менеджемент, ұжымдық шарттың орындалуы мен кәсіподақтың араласуында жатыр, - деді Руслан Бектубаев.
Сәрсенбі күні Ақтау қаласындағы Маңғыстау облыстық жедел жәрдем станциясы ғимаратына жалақы аздығын айтып наразылық танытқан жүргізушілер жиналған. Олар облыстың Ақшұқыр, Ералы, Мұнайлы, Жаңаөзеннен келгендер еді. 50 шақты адаммен түс ауа Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығы Аманбек Жұмыров, Маңғыстау облысы бойынша медициналық сақтандыру қоры филиалының бастығы Руслан Бектубаев пен Маңғыстау облыстық жедел жәрдем станция бастығы Айларбек Шыршықбаев сөйлескен. Жүргізушілер жиынның қас қарайғанша созылғанын айтады.
– Біз жалақы дауын айтып келгелі бірнеше жыл болды. Ұзақ жылғы айқайдан соң жалақымызға 2020 жылы 12 мың теңге, 2021 жылы 13 мың теңге қосты. Ал былтырғы шілде -қазан айындағы ереуілден соң 25 мың теңге қосты. Бірақ ол біздің көңілімізден шыққан жоқ. Енді осы жолы кездесуде былтырғы желтоқсандағы Үкімет қаулысымен жалақымыз 23% пайызға көтеріліп, жалақыға үстеме 25 мың теңге қосылатыны айтылды,- деді жаңаөзендік жедел жәрдем жүргізушісі Мұрат Белбаев.
Ол «мәселенің анық-қанығы жүргізушілер ақпан айындағы жалақыларын алғанда белгілі болады» деп санайды.
Мұрат Белбаев бұған қоса Маңғыстау облыстық жедел жәрдем стансасы бастығын ауыстыруды талап еткендерін, жаңа басшыны тағайындауда ұжымның да пікірі ескерілуін сұрағандарын айтты.
– Бізге жаңа басшы конкурспен тағайындалатынын айтты. «Ұсынатын кандидаттарың конкурсқа қатыссын» деді,- дейді ол.
Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығы Аманбек Жұмыров болса жүргізушілердің жалақы мәселесі былтыр шешілгенін, олар "тек жаңа жылда сол көлемде жалақы аламыз ба, жоқ па деп уайымдап жиналғанын" айтты.
– Олардың мәселесі былтыр шешілген. Биыл 23% қосылып отыр. Олардың не талап етіп отырғанын білмеймін, - дейді Аманбек Жұмыров.
Бірақ басшының сөзімен жүргізушілер келіспейді. Олар жалақы дауын тек өздерінің талап етуімен шешіп келе жатқаны айтты.
Маңғыстаудағы жедел жәрдем көлігі жүргізушілерінің жалақы дауы бірнеше жылдан бері жалғасып, былтырғы шілде-қазан айларында шарықтау шегіне жеткен еді. 2021 жылы шілде айында Жаңаөзен қаласындағы 45 жедел жәрдем көлігінің жүргізушілері жұмысты тоқтатып, жалақыны көтеруді талап еткен. Кейін бұл талапқа Ақтаудағы, Бейнеу ауданындағы жедел жәрдем станция жүргізішілері қосылған. Кейін талабымыз орындалмады деген жедел жәрдем жүргізушілері қарашада тағы да наразылық білдірген еді. Бұл жолы Маңғыстау облысы жедел жәрдем станция бастығы Айларбек Шыршықбаев жалақын көтеру өз қолында еместігін, оны Еңбек министрлігі шешетінін айтып, өзінің аймақтағы ең ірі мұнай -газ өндіруші мекеме «Өзенмұнайгаздан» демеуші ретінде жүргізушілер жалақысына 20-30 мың теңге қосуды сұрайтынын мәлімдеген болатын.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Жаңаөзендегі жедел жәрдем жүргізушілері талабын "Өзенмұнайгаздан" демеушілік сұрап шешпек