Путин Батыс елдері Ресейдің қауіпсіздік талаптарын елеп ескермеді деп мәлімдеді

Ресей басшысы Владимир Путин.

Ресей президенті Владимир Путин АҚШ пен НАТО Ресейдің қауіпсіздік талаптарын елеп ескермеді деп мәлімдеді. Бұл жөнінде ол Франция президенті Эммануэль Макронмен сөйлескен кезде айтқан. Екі басшының әңгіме мазмұнын Кремль сайты жариялады.

Осыған дейін АҚШ пен НАТО Ресейдің қауіпсіздік бойынша талаптарына жауап жіберген.

Путиннің сөзіне қарағанда, Мәскеуге берген жауабында Батыс НАТО-ны шығыс бағытта ұлғайтпау, Ресеймен шекарада қару-жарақ орналастырмау және әскери әлеует пен инфрақұрылымды 1997 жылғы деңгейге түсіру сияқты талаптарын "елеп ескермеген". 1997 жылға дейін НАТО-ға Польша, Чехия, Венгрия, Болгария, Латвия, Литва, Эстония, Румыния, Словакия, Словения, Хорватия, Черногория және Солтүстік Македония кірмеген еді.

Путиннің айтуынша, Ресей берілген жауапты "мұқият қарастырып", "әрі қарайғы қадамын анықтайды". Макронның оған не деп жауап бергені Кремль хабарламасында айтылмайды.

Ресей былтыр жыл соңында АҚШ-қа қауіпсіздік бойынша бірқатар талаптарын жеткізген. АҚШ пен НАТО "Ресей олардың бір бөлігі орындалмайтынын біле тұра жіберді" деп санайды. Мысалы, НАТО-ға жаңа мүше қабылдамау. Дегенмен тараптар мәселелерді әрі қарай да талқылай беруге келіскен.

Вашингтон Мәскеуге берген жауапты жарияламауды өтінген.Бірақ онымен New York Times басылымы танысып шыққан. Басылымның жазуынша, АҚШ Ресеймен әскери жаттығулар мен зымырандарға, ядролық қаруға шектеу қою мәселелерін талқылауға дайын.