Өзбекстан билігі қамаудағы блогер Фозылхожа Орифхожаевтың дөрекі қарым-қатынас пен азаптау жайлы шағымын қарап, тексеру жүргізбеді. Халықаралық Human Rights Watch адам құқығын қорғау ұйымы осылай деп мәлімдеді.
Діни шектеулерді сынап, мақалалар жазумен танылған Фозылхожа Орифхожаев 26 қаңтарда Facebook жазбасы үшін 7,5 жылға бас бостандығынан айырылған.
Ташкенттің Алмазар аудандық соты 41 жастағы блогерді "қоғам қауіпсіздігі мен қоғам тәртібіне қауіп төндіретін материалдар таратты" деп тапты.
HRW мәлімдемесінде сот Орифхожаевты "көп адам күн сайын жасайтын әрекеті үшін яғни, Facebook'те ешкімге залалы жоқ жазба жариялағаны үшін" үкім шығарды деп жазды.
Орифхожаев былтыр маусымда билікшіл блогер мен діни қызметкермен сөзге келіп қалғаннан кейін ұсақ бұзақылық бойынша ұсталып, 15 күнге әкімшілік қамауға алынған. Қамау мерзімі аяқталғаннан кейін оған жаңадан айып тағылып, қамауда қалдырылды.
HRW жеті ай ішінде қамаудағы блогердің денсаулығы нашарлағанын, 25 қаңтарда істің әділетсіз қаралуына байланысты оның аштық жариялағанын хабарлады. Оның адвокаты Сергей Майоров құқық қорғау ұйымына милиция қызметкерлерінің блогермен дөрекі қарым-қатынас жасағанын, милиционерлердің кейбір әрекетін азаптау деп атауға болатынын айтқан. Майоровтың айтуынша, мысалы, былтыр қыркүйекте милиция Орифхожаевты құбырға кісенмен байлап қойып, 12 сағат бойы ыңғайсыз кейіпте отыруға мәжбүрлеген. Соның салдарынан блогердің денесі қатты ауырған.
HRW билік блогердің шағымын қарамағанына назар аударады. Құқық қорғау ұйымы блогердің саяси астары бар іспен түрмеде отырғанын айтып, Өзбекстан билігін Орифхожаевты ақтап, босатуға үндеген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Мирзияевті сынаған блогердің бостандығы үш жылға шектелді