Чехия билігі әскери қоймадағы жарылыс туралы құпия құжатты жойып жіберген

Милош Земан

Чехия президенті Милош Земанның кеңсесі Врбетицедегі әскери қойма жарылысы туралы чех қарсы барлау қызметінің құпия құжатын жойып жіберген. Бұған дейін чех билігі әскери қоймадағы жарылысқа Ресей әскери барлау қызметінің қатысы болуы мүмкін деп күдіктенген еді.

Бұл жөнінде сенбі күні чех радиосы хабарлады. Чехия қарсы барлау қызметінің президент Милош Земанға берген құжатының жоғалғаны жайлы хабар құпия құжатты полиция Земанның айналасында жүрген, бірақ құпия құжатпен танысуға құқығы жоқ адамдар көрді ме, жоқ па деген мәселе бойынша тексергеннен кейін белгілі болған.

Кеңсе өкілдерінің чех радиосына айтуынша, құпия құжат жойылуға тиіс өзге құжаттардың арасында байқаусызда кетіп қалған. Алайда президент кеңсесінің ресми хабарында қателік туралы сөз болмаған, барлық құжат тиісті процедура бойынша жойылды деген. Президент бұл жөнінде әзірге түсініктеме бермеген.

Құпия құжат Земанға былтыр сәуірде, чех үкіметі "жарылысқа ресейліктер қатысқан болуы мүмкін" деген ақпарат таратқанға дейін берілген. Құжатта Александр Мишкин мен Анатолий Чепига неліктен күдік тудырғаны жөнінде айтылған.

Чехия парламентінің қауіпсіздік комитеті Земанның айналасы заңды бұзды ма, жоқ па деген мәселені қарайтынын мәлімдеді. Ресейшіл президент саналатын Земан бұрын Ресей барлау қызметіне қарата айтылған айыптауды ресми түрде қолдаған, бірақ әскери қоймадағы жарылыстың өзге де себептері болуы мүмкін екенін мәлімдеген. Сол сөзі үшін көптеген чех саясаткерлерінің сынына қалған.

Врбетицедегі әскери қойма 2014 жылы жарылған. 2 адам өліп, үлкен материалдық шығын келтірген. Ресей жарылысқа қатысы жоғын үзілді-кесілді мәлімдеген.