Таза ауа үшін күресіп, сотқа тартылған Бестөбе белсенділерінің оқиғасы

"Әлеуметтік алауыздық туғызды" деп айыпталған Николай Катчиев. Ақмола облысы, Бестөбе кентінің тұрғыны

Ақмола облысы Бестөбе елді мекенінің екі тұрғыны "әлеуметтік алауыздық туғызды" деп айыпталып отыр. Олар ауылдастарымен бірге экология проблемаларын көтеріп, елді мекен аумағындағы фабрика жұмысына қарсы шығып жүрген. 28 қаңтарда басталған сот отырысында прокурор айыпталушылар "бұқара санасына манипуляция жасағанын", тыйым салынған қозғалысқа қатысы барын айтты. Белсенділер бұл айыптарды толығымен жоққа шығарды.

Былтыр бестөбеліктер елді мекендегі фабрика қоршаған ортаға зиян тигізетінін айтып, оның жұмысына қарсы шықты. Бірақ олардың ең белсенділері қылмыстық айыппен сотқа тартылды. Олар фабриканы алпыс мың адам тұратын елді мекеннен аулақ салуды талап еткен. Жаңа фабрика жұмысына тұрғындар түгелдей қарсы шығып, "Қазақалтын Technology" компаниясының басшысына, президентке хат жазып, бірнеше жиын өткізген. Таза ауа үшін күресе бастағандар өздерін сотқа жетелейтінін ойламаған да болар.

"ТҮСІНІКСІЗ АЙЫП"

Күйзелістен қан қысымы көтеріліп, ем алған 53 жастағы Александра Назаренко мен үйін тінтуге келген полиция терезеден кіріп, кәмелет жасына толмаған баласын шошытқанын айтқан 46 жастағы Николай Катчиев сотқа тартылды.

Қылмыстық істі тергеу шамамен жарты жылға созылды. Бастапқыда "Көрінеу жалған ақпарат тарату" бабы бойынша тергелген іске куәгер ретінде тартылған Катчиев пен Назаренколарға бірнеше ай өткен соң экстремистік қылмыс санатына жататын "әлеуметтік алауыздық туғызу" бабы бойынша айыпты боп шыға келген.

Бестөбе ауылы тұрғындары экологияға зияны барын айтып, жұмыс істеуіне қарсы шыққан жаңа алтын өндіруші фабрика. Ақмола облысы, 30 қаңтар 2022 жыл.

28 қаңтарда сот отырысы басталды. Прокурор айыптау актісін оқып, судья белсенділерден оларға тағылған айыпты мойындайтын-мойындамайтынын, жауап беруге дайындығын сұрады.

– Айыптың мәнін түсінбедім. Прокурор "әлеуметтік алауыздық" деп нені меңдеп отырғаны түсініксіз",- деді Николай Катчиев.

– "Әлеуметтік алауыздық туғызу" деген айыптың мәнін түсінбедім. Ондай ештеңе істемедім» деді көпбалалы Александра Назаренко да. Оның қыздарының бірі әлі кәмелетке толмаған.

Бұған дейін журналистерге берген сұхбатында Катчиев пен Назаренко белсенді тұрғындарды қудалау - жайсыз мәселелерді көтермеу үшін қысым көрсету деп санайтынын айтқан.

Олар іс материалдары тергеліп, куәгерлер жауабынан соң ғана сотта жауап беретінін мәлімдеді.

Бұл қылмыстық іс "Қазақалтын Technology" компаниясының иесі мен облыстық құрылыс басқармасының басшысы Ақмола облысы полиция департаментіне жүгінген соң қозғалған.

Катчиев пен Назаренкоға "бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалана отырып, алдын ала сөз байласу арқылы әлеуметтік алауыздық туғызу" айыбы тағылды. Катчиевті елді мекендегі ескі стадион орнына мектеп салуға кедергі келтіріп, "билік өкілетін алмақ болды" деп те айыптап отыр. Оны тұрғындарды құрылыс нысанына жұмысшыларды кіргізбеуге үгіттеді деп есептейді.

Ақмола облысының Бестөбе кенті

Қазақстан заңына сәйкес, әлеуметтік алауыздық туғызу бабымен айыпталғандар 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Бұған дейін "Қазақалтын" Азаттық сауалына "экологиялық экстремизммен бетпе-бет келдік" деп жауап берген еді. Бұл жауапта полициядан Бестөбе белсенділеріне шара қолдануды сұрағанын, олар таратқан ақпарат фабрика қызметін уақытша тоқтатқанын растаған. "Қазақалтын" сөзінше, "жұмыс тобы құрылған, бірақ компанияның аргументтеріне қарамастан тұрғындар ашық қарсылыққа көшкен".

"Қазақалтын Technology" фабрика орнын ауыстыруға себеп пен мүмкіндік жоғын айтады. Компания сөзінше жаңа фабрика Бестөбе кенішінің өмірін ұзарту, ондағы жұмыс орындарын сақтап қалу үшін салынған.

"САЯСИ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ЖАҒДАЙДЫ ТҰРАҚСЫЗДАНДЫРУ"

Айыптау тарапының сөзінше, Степногорск әкімінің бұйрығымен "Қазақалтын", "Қазақалтын Technology" компаниялары карьерлерінің экология мәселесі бойынша құрылған жұмыс тобына кірген Катчиев халық алдында сөйлегенде "қылмыстық пиғылда болған", Бестөбе кентінің тұрғындары мен компания қызметкерлері арасында әлеуметтік алауыздықты оятуға ұмтылған".

"Назаренко да мүше болған жұмыс тобынан әлеуметтік топ құрған Катчиев фабрика жұмысы туралы көрінеу жалған ақпарат таратып, кәсіпорын Бестөбе тұрғындарының денсаулығына зиян тигізеді" деген хабар тарата бастаған. Тергеу деректерінде Катчиев "Бестөбедегі саяси, экономикалық және әлеуметтік жағдайды тұрақсыздандыру мақсатында Назаренкомен алдын ала қылмыстық келісім жасап, "Бестөбе, өмір үшін күрес" youTube-каналын құрғаны, тұрғындар мен фабрика қызметкерлері арасында "әлеуметтік алауыздық туғызатынын" біле тұра өзі сөйлеген видеоларды салып отырғаны айтылады.

Ақмола облысының Бестөбе кенті

Сондай-ақ олар "Катчиев пен Назаренко "халық санасына манипуляция жасаған, тұрғындар мен қызметкерлер арасында әлеуметтік алауыздық туғызып, "Қазақалтын Technology" компаниясын жеккөрінішті еткісі келген, фабрика Бестөбе экологиясына зиян тигізіп, «адам өлімін көбейтіп, малдың қырылуына» әкелетінін айтқан" дейді.

Компания "бұл жағдай тұрғындар мен фабрика қызметкерлердің қарым-қатынасын нашарлатып, әлеуметтік шиеленістің туғызуы мүмкін болғандықтан фабрика жұмысын тоқтатқанын" айтады.

"Әлеуметтік алауыздық туғызу» туралы істе жапа шеккен тарап ретінде "Қазақалтын Technology" компаниясы, ал "билік өкілеттігін алу" ісінде Ақмола облысы құрылыс басқармасы мен мектеп салумен айналысып жатқан жеке компания көрсетілген.

"МҰХТАР ӘБЛЯЗОВПЕН БАЙЛАНЫСЫ БАР МА?"

Айып тағып отырған тарап сотта айыпталушылар "Қазақстан демократиялық таңдауы" (Қазақстан соты "экстремистік ұйым" деп таныған, Еуропарламент "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған — ред.) ұйымымен байланысы барын мәлімдеді. Прокурор олардың «алдын ала белгіленген рөлі" туралы айтты.

Айыптаушылар Катчиев пен Назаренко Қазақстанда ҚДТ қызметіне тыйым салынғанын біле тұра, "танымалдығын көрсетіп, сол арқылы әлеуметтік топ арасында беделге ие болғысы келіп", тергеу белгілеген күні желіге ҚДТ басшысы Мұхтар Әблязовтың (шетелде тұратын экс-банкир, Қазақстан билігін сынаушы) сөздерін сала бастаған дейді. Олар бұл видеолар қандай әлеуметтік желіде жарияланғанын нақтыламады. Ал белсенділер мұндай роликтер салмағанын, ҚДТ-мен қандай да бір байланысы барын жоққа шығарады.

Ендігі сот отырысы 8 ақпанда өтеді. Онда істің куәгерлері жауап береді. Қоғамда резонанс туғызған іске бірнеше басылым журналистері мен Қазақстанның адам құқығы жөніндегі бюроның бақылаушысы араласты.

Бестөбеліктер қарсы шыққан фабрика қазір жұмыс істеп тұр. Ол "Алтыналмас" компаниясы бақылайтын "Қазақалтын" концерніне қарайды. Негізгі акционерлері Нидерландта тіркелген оффшор компания мен Владимир Жұманбаев деп көрсетілген. Қазақстандық Forbes Жұманбаевтың байлығын 313 миллион доллар деп есептеген.