"Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы Instant Payments серіктестігімен электронды билеттерді сату туралы келісім-шартты мерзімінен бұрын үзгенін хабарлады. 2023 жылдың соңына дейін күшінде болған келісімнің күшін жою себептері түсіндірілмейді. Жолаушылар тасымалдаушы компания сайтында, кассалар мен онлайн-сервистерде ендігәрі бұл қызметті өзі атқаратынын хабарлады.
Instant Payments компаниясы экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кіші қызы Әлия Назарбаевамен байланысты. Назарбаева – 2011 жылы құрылған серіктестіктің құрылтайшысы.
Instant Payments "Қазақстан темір жолы" мен билеттер сатумен айналысатын компания-агрегаторлардан комиссия ұстап қалады. Компания жеке сайтында өзін "сатуды ұйымдастыру ісіне шығармашылықпен қарайтын", "клиенттермен жаңа технологияның көмегі арқылы" жұмыс істейтін ұйым ретінде көрсеткен.
Бұл табыс көзінен айырылып отырған Әлия Назарбаевамен байланысы бар екінші компания. Қаңтарда президент Қасым-Жомарт Тоқаев утилизация алымын жинаумен айналысқан "Оператор РОП" компаниясының жұмысын тоқтатуды тапсырған. Бұл компанияның да Әлия Назарбаевамен байланысы бар деп айтылады.
"Оператор РОП" 2015 жылы құрылған және жарамсыз көліктердің бөлшектері мен майларын өңдегені үшін ұсталатын утилизация алымынан пайда тапқан. Ресми мәлімет бойынша, 2016 жылдан бері компания 691,9 млрд теңге табыс тапқан. Белсенділердің айтуынша, ақшаны жинау мен жұмсау процесі ашық емес.
26 қаңтарда Сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігі "Оператор РОП" компаниясының басқарма төрағасы Медет Құмарғалиевтің де ұсталғанын хабарлаған. Сол күні полиция "Оператор РОП" компаниясының құқықтық мәселелер бойынша атқарушы директоры Руслан Шамшиевтің өзіне қол жұмсағанын жариялаған.
Кейінгі күндері Назарбаевтың бірқатар туыстары компаниялар мен мемлекеттік органдардағы маңызды қызметтерінен бірінен соң бірі айырылып жатыр. Кей сарапшылар мұны қазіргі президент пен бұрынғы президент жақтастары арасындағы элитааралық тартыспен байланыстырады.