Мәжіліс депутаттары Талдықорғанда қаңтардың басында болған дүрбелеңнен кейін қамауға алынып, абақтыда азап шеккен, арқасына үтік басылған, қазір ауруханада жатқан Азамат Батырбаевқа барып халін біліп, "жасаған ісіңізге өкінесіз бе?" деген сұрақ қойған. Депутаттардың Азамат Батырбаевпен диалогы Алматы облыстық "Жетісу" телеарнасының 5 ақпандағы видеосюжетінде жарияланған.
"Жетісу" телеарнасы жасаған сюжетте мәжіліс депутаттарының Азамат Батырбаев палатасына келгені, олармен бірге полиция қызметкері тұрғаны көрінеді.
Депутат Берік Бекжановтың "Сізге абақтыда қысым жасалып жатыр ма? Күш қолданып жатыр ма? Бұл жерде ем-дом жасалып жатыр ма?" деген сұрағына Азамат Батырбаев "шағымым жоқ" деген.
Депутаттың "Бүгін әлеуметтік желіде видео тарап жатыр. Ішінде тас лақтырып, дубинкамен ұрып жүрген сіз бе, сіз емес пе? Жасаған істеріңізге өкінесіз бе?" деген сұрағына Азамат Бақтыбаев "Тас лақтырдық. Иә, өкініп отырмын" деп жауап қатқан.
"Жетісу" телеарнасының сюжетіне қарағанда, парламент мәжілісінің заңнама және сот реформасы комитетінің мүшелері Ерлан Смайлов пен Берік Бекжанов 5 ақпанда Алматы облысының орталығы Талдықорғанға барып, қаңтардың бас кезіндегі дүрбелеңге байланысты қамалғандардың туыстарымен кездескен. Мүгедектер мен кәмелетке толмағандарды босату жөнінде Бас прокуратурамен, Ішкі істер министрлігімен сөйлесетінін айтқан.
Қаңтар оқиғасынан кейін Талдықорғанда қамауға алынған 38 жастағы Азамат Батырбаевтың тергеу изоляторында азапталғаннан кейінгі жантүршігерлік суреттері әлеуметтік желіде жария болған еді.
Суреттен Азамат Батырбаевтың қатты соққыға жығылғанын байқауға болады. Жақындары оны "мойындату үшін" денесіне "ыстық үтік басқанын" айтады.
Адвокат Бауыржан Азановтың айтуынша, Азамат Батырбаевқа "Жаппай тәртіпсіздік" бабы (272-бап 2-бөлім) бойынша айып тағылған. Ол айыппен келіспеген.
Өткен аптаның сәрсенбісінде Бас прокуратура Азамат Батырбаевты азаптау фактісі жөнінде қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
"Әлеуметтік желілерде полиция қызметкерлерінің А.Б. Батырбаевты ұрып-соғу фактісі туралы ақпарат тарап жатыр. Аталған тұлға Талдықорған қаласында болған тәртіпсіздіктер кезінде құқық қорғау органдары қызметкерлеріне шабуыл жасағаны үшін 2022 жылы 22 қаңтарда ұсталғанын хабарлаймыз. Ал 23 қаңтарда жауап алу кезінде, ол 10 қаңтарда ішкі істер органдарының қызметкерлері оған дене жарақатын келтіргені туралы айтқан. Азамат Батырбаевтың бұл арызының негізінде Алматы облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметімен азаптау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде" дейді хабарламада.
Осыған дейін қаңтар оқиғасына байланысты ұсталғандардың азапталғаны, соққыға жығылғаны туралы көп ақпарат шыққан. Азаптау мен қысым көрсету фактілеріне құқық қорғаушылар алаңдаушылық білдірген. Human Rights Watch адам құқығын қорғау ұйымы Қазақстан билігін асыра сілтеуді доғарып, азаптауларды зерттеуге, заңсыз әрекеттерге барған құқық қорғау орган өкілдерін жауапқа тартуға шақырған.
Бас прокуратура құқық қорғау органдары тарабынан ұстау және тергеу кезінде заңсыз әрекеттер болғанын (азаптау, билік өкілетін асыра пайдалану және тағы басқа) мойындаған. Ресми мәлімет бойынша, азаматтардан 109 шағым түскен. 11 шағым бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталған.
Еуропарламент жақында қабылдаған қарарында бейбіт наразылықтан кейін өрбіген жаппай зомбылықты айыптап, ресми Нұр-Сұлтанды "терроризм" айыбын оңды-солды тақпауға үндеген. 27 тармақтан тұратын құжатта Қазақстан билігін азаматтар мен қоғамдық ұйымдарды саяси себеппен қудамалауға, адамдардың бейбіт жиналуына кедергі келтірмеуге, жөн-жосықсыз ұстау мен азаптауды доғаруға шақырған.